Malim.kz
Қоғам

Цифрлық теңгеге қатысты алаяқтық өршіп тұр

Айбын Атабай
Ұлттық банк

Елде цифрлық теңгеге қатысты жалған инвестициялық ұсыныстар көбейді. Ұлттық банк азаматтарды алаяқтық схемалардан сақ болуға шақырып, маңызды ескерту жасады.

Ұлттық банктің мәліметінше, алаяқтар әлеуметтік желілерде «цифрлық теңге бойынша мемлекеттік инвестициялық жоба» туралы жалған жарнамаларды белсенді түрде таратуда. Онда қысқа мерзім ішінде жоғары табысқа қол жеткізуге болатыны және жобаға мемлекет пен Ұлттық банк тарапынан қолдау көрсетілетіні айтылып, сенімге кіру көзделеді.

Осындай хабарламалар арқылы алаяқтар пайдаланушыларды фишингтік сайттарға бағыттайды. Ол жерде «шектеулі ұсыныс» немесе «соңғы мүмкіндік» деген сылтаумен азаматтарды жалған жобаға ақша салуға үгіттейді. Жалған платформаларда «жеке кабинет» бейнесі жасалып, «табыс өсіп жатқандай» көрініс қалыптастырылады. Бұл азаматтарды қайта-қайта инвестиция салуға итермелейді. Нәтижесінде, алаяқтар азаматтардың қаражатына қол жеткізеді.

Ұлттық банк: Цифрлық теңге – инвестициялық құрал емес

Ұлттық банк цифрлық теңгенің ұлттық валютаның цифрлық нысаны екенін және заңды төлем құралы болып саналатынын хабарлайды. Цифрлық теңге инвестициялық құрал емес және табыс табуға арналмаған.

Осыған байланысты Ұлттық банк азаматтарды интернеттегі жарнамалық сілтемелерге өткенде және белгісіз нөмірлерден қоңырау түскен жағдайда сақ болуға шақырады. Ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеріп, қашықтан қол жеткізуге арналған қосымшаларды орнатпау қажет, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ қаржы реттеушісі Ұлттық банк қызметкерлері аудио немесе бейнеқоңыраулар жасамайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, түрлі пайлық инвестициялық қорларға немесе қаржылық өнімдерге ақша салуды ұсынбайтынын, сондай-ақ қаражатты сақтандырумен және халықпен тікелей есеп айырысумен айналыспайтынын атап өтті.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары