АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры Джон Рэтклифф Мәскеуге жасырын сапармен барып, Ресейдің барлау қызметінің өкілдерімен кездесті. Сапар АҚШ тарапы алдын ала жариялаған ресми дипломатиялық іс-шаралар тізімінде болмаған. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков кездесудің болғанын растады, бірақ оның мазмұны туралы ақпарат бермеді.
Кремльдің мәліметінше, Рэтклифф Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен жоқ. Оның байланыстары барлау арналары арқылы өткен. Песков мұндай арналардың тіпті екі ел арасындағы қарым-қатынас аса күрделі кезеңдерде де сақталатынын айтып, сапардың АҚШ-Ресей қатынастарына ықпалы туралы қорытынды жасауға әлі ерте екенін мәлімдеді.
Сапардың нақты мақсаты әзірге жарияланған жоқ. Алайда ол Украинадағы соғыс, АҚШ пен Ресей арасындағы шиеленіс және Таяу Шығыстағы жағдай күрделеніп тұрған тұста өтті. Сарапшылардың назарын аударған тағы бір жайт - Рэтклиффтің Мәскеуге сапарының АҚШ-тың Иранға қысымды күшейтіп жатқан кезеңмен тұспа-тұс келуі.
Рэтклиффтің Мәскеуге баруы АҚШ пен Ресей арасында дипломатиялық байланыстардың толық үзілмегенін көрсетеді. Бірақ қазіргі таңда бұл сапардың Украинадағы соғысқа немесе Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қатынасқа нақты қандай нәтиже бергені белгісіз. Сондықтан кездесуді әзірге «жаңа келісім» емес, екі державаның барлау арналары арқылы жүргізген маңызды байланысы ретінде бағалаған дұрыс.