Malim.kz
Шоу-бизнес

"Дариғаның домбырасын қайтар": Бадықованың экс-жұбайының видеосы талқыға түсті

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz/ ЖИ арқылы өңделген

Дариға Бадықованың экс-жұбайы, актер Дархан Мұсаев домбырамен терме орындаған видеосын жариялап, желі қолданушыларының назарын аударды, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі 6 қазанда Instagram парақшасына жүктеген бейнежазбасында терменің адамға ой салып, көңілдегі сөзді жеткізуге көмектесетінін жазған.

"Терме – қазақтың ойға батырар бір құралы. Айта алмай жүрген дүниеңді дөп басып, жүрегіңе жеткізеді. Кейде бір ауыз терме өзің айта алмаған талай ойды айтып береді. Тыңдаған сайын өткеніңді саралап, бүгінгіңе ой жүгіртіп, ертеңіңе жауапкершілікпен қарауға шақырады", – деп жазды Дархан Мұсаев.

Алайда оқырмандардың назары актердің орындауына ғана емес, қолындағы домбыраға да түскен. Кейбірі аспаптың бетінде “Дариға” деген жазу бар екенін байқап, бұрынғы жұбайына қатысты пікір қалдырған.

"Домбырада Дариға деп жазылып тұр ма?", "Дариғаның домбырасын қайтар", "Дариғаның қадірін білмедің", "Сен де бақытты болуға лайықтысың, ішіп кетпе тек", "Қадіріңді білмеді-ау, нар аға. Жап-жас қыз алып бақытты боп кетші, бұйыртса", – деп жазды желі қолданушылары.

Сонымен қатар актердің даусын мақтап, өнеріне қолдау білдіргендер де бар. Дархан Мұсаев жазбасында термені кімге арнағанын немесе оның жеке өміріне қатысы бар-жоғын айтпаған.

Айта кетейік, бұған дейін Malim.kz Дариға Бадықова мен актер Олжас Абайдың шаңырақ құрғаны туралы жазған еді⁠. Актриса әлеуметтік желідегі жазбасында әр адамның өз тағдыры мен бақыты бар екенін айтып, көпшіліктен ақ тілек сұраған.

Дархан Мұсаев кім?

Дархан Мұсаев – қазақстандық актер, театр өнерінің маманы. Кейінгі жылдары кино өндірісіне де араласып, продюсерлік бағытта жұмыс істеп жүр. 2026 жылдың ақпанында ол Хайрол Мархабамен бірлескен киножобада атқарушы продюсер міндетін алғанын хабарлаған.

Ол көпшілікке актриса Дариға Бадықованың бұрынғы жұбайы ретінде де таныс. Мұсаевтың өз мәлімдеуінше, екеуі 2008 жылғы 11 тамызда некеге тұрып, 16 жыл бірге өмір сүрген. 2024 жылдың күзінде ажырасқанын актер 2025 жылғы қыркүйекте жария еткен.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары