Жаз айларында балалар терезеден жиі құлайды. Астана қаласының балалар хирургі Динат Қожекеновтің айтуынша, мұндай оқиғаларға көбіне бес жасқа дейінгі, әсіресе екі-төрт жас аралығындағы балалар көбірек ұшырайды. Бұл туралы Malim.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігер масаға қарсы торларға сенуге болмайтынын ескертті. Өйткені олар баланың салмағын көтеруге арналмаған және бекіткіштері сынып кетуі мүмкін.
Терезеден құлау салдарынан балалар ауыр жарақат алып, аяқ-қол, қабырға, омыртқа және бас сүйек сынықтарына, сондай-ақ ми мен ішкі ағзалардың зақымдануына ұшырауы мүмкін. Тіпті екінші немесе үшінші қабаттан құлаудың өзі қайғылы жағдайға әкелуі ықтимал.
Маманның сөзінше, бала құлаған жағдайда оның жағдайы жеңіл көрінсе де, дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Дәрігерлер келгенге дейін баланы қозғалтпаған жөн.
Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін терезелерге арнайы қауіпсіздік бекіткіштерін орнатып, қорғаныс құралдары жоқ терезелерді ашық қалдырмау және балаларды қараусыз қалдырмау ұсынылады.