Астанада медицина қызметкеріне күш қолданған азаматқа қатысты сот шешімі жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.
Істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарады.
Сот материалдарына сәйкес, И. есімді азамат Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 380-3-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған. Оқиға елордадағы сауда орталықтарының бірінің автотұрағында болған.
Тергеу барысында анықталғандай, мас күйде болған ер адам шақыртумен келген жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысына көңілі толмай, жанжал шығарған.
Даудың соңы фельдшерге күш қолданумен аяқталып, медицина қызметкеріне дене жарақаты мен ауырсыну келтірілген.
Осылайша ол медицина қызметкерлерінің қауіпсіз еңбек ету құқығын өрескел бұзған.
Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Ал жәбірленуші қатаң жаза тағайындауды талап етті. Прокурор соттан айыпталушыға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
Жаза тағайындау кезінде сот бірнеше мән-жайды ескерді:
айыпталушының бұрын сотталмағаны және өкінуі – жеңілдететін фактор ретінде;
қылмыстың мас күйде жасалуы – ауырлататын жағдай ретінде қаралды.
Сондай-ақ іс жеделдетілген тәртіпте қаралғандықтан, заңға сәйкес жаза мерзімі шекті деңгейден аспауы тиіс болған.
Нәтижесінде сот айыпталушыны 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару мекемесінде өтейді.
Айта кетейік, бұл үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тараптар белгіленген мерзім ішінде апелляциялық шағым түсіруге құқылы.