Malim.kz
Қоғам

"Дәрігерлер егіз деді": Ерке Есмахан ешкімге айтпаған құпиясын ашты (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден. Суретте: Ерке Есмахан мен Раим

Танымал әнші Ерке Есмахан ұлы Батырдың 1 жасқа толған күні осы уақытқа дейін көпшілікке айтпаған сырын бөлісті. Өнер иесі жүктілік кезінде басынан өткен қуанышты да ауыр сәттерді Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

Әншінің айтуынша, ұлы Ислам дүниеге келгеннен кейін арада небәрі 10 ай өткенде қайтадан аяғы ауыр екенін білген. Бұл жаңалыққа қуанған ол дәрігерге барып, тексерістен өте бастаған.

Алғашқы УДЗ кезінде дәрігерлер Ерке Есмаханға құрсағында егіз сәби барын айтқан.

"Бірінші УДЗ-ге барғанда дәрігерлер "егіз" деді. Құрсағыма екі сәби біткен екен", – деп жазды әнші.

Алайда кейінгі тексеріс кезінде егіздің бірінің жүрек қағысы тоқтағаны белгілі болған. Дәрігерлер екінші сәбидің жақсы дамып жатқанын айтқан.

"Бірінші скринингке барғанда егіздердің бірінің жүрек қағысы жоқ, ал екіншісі жақсы дамып жатыр деді. Екінші скринингте де Батырдың дені сау, қалыпты өсіп жатқанын білдік. Екінші эмбрион мұндай жағдайда кедергі болмайды екен", – деді Ерке Есмахан.

Өнер иесі тоғыз айдан кейін ұлы Батырдың аман-есен дүниеге келгенін айтып, бүгінде баласының дені сау екенін жеткізді.

"Батыр баламыз бүгін 1 жасқа толды. Қазір былдырлап сөйлеп, күліп, еңбектеп, бізді қуанышқа бөлеп өсіп келе жатыр. Дені сап-сау, Аллаға сансыз шүкір", – деп жазды әнші.

Ерке Есмахан жүктілік кезеңі жеңіл өткенін де айтты. Оның сөзінше, Батыр 3 келі 800 грамм болып туған.

Еске сала кетейік, Ерке Есмахан өнердегі әпкесі Мақпал Жүнісоваға қымбат брендтен ерекше сыйлық сыйлаған еді.

Ерке Есмахан кім?

Ерке Әбдірашқызы Есмахан – қазақ эстрадасының танымал әншісі әрі актриса. Ол 1984 жылы 30 қарашада Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеге келген.

Өнерге жақын отбасында өскен Ерке бала кезінен ән айтып, шығармашылық байқауларға қатысып жүрді. Ол Ақтөбедегі Алтынсарин атындағы мектепте оқып, кейін музыкалық мектепте домбыра, қобыз және фортепиано аспаптарын меңгерді. Мектептен кейін арман қуып Алматыға келіп, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының эстрадалық вокал бөліміне оқуға түсті. Ерке Есмаханның кәсіби сахнадағы жолы 2009 жылы "Іңкәр" тобына қосылған кезден басталды. Бұл топта ол бірнеше жыл өнер көрсетіп, көпшілікке нәзік даусымен және сахналық болмысымен таныла түсті. Кейін жеке шығармашылыққа бет бұрып, "Айша бибі", "Әйел бақыты", "Еркемін", "Бал сезім" сияқты әндерімен тыңдарман жүрегінен орын алды. Оның Төреғали Төреәлімен бірге орындаған "Алло" әні де халық арасында кең тарады. Ал 2017 жылы жарық көрген "Қайда?" әні Ерке Есмаханның өнердегі ең үлкен жетістіктерінің біріне айналды. Бұл әннің бейнебаяны YouTube желісінде миллиондаған қаралым жинап, қазақ эстрадасында ерекше рекорд көрсетті. Осы туынды арқылы Ерке Есмаханның танымалдығы бұрынғыдан да артып, ол отандық шоу-бизнестегі сұранысқа ие әншілердің біріне айналды.

Әнші тек сахнада ғана емес, кино саласында да өзін байқатты. Ол "Махаббат кафесі" фильмінде және "Келінжан 4" телехикаясында рөл сомдаған. Ерке Есмаханның жеке өмірі де көпшіліктің назарында болып келеді. Оның алғашқы некесінен Муслим есімді ұлы бар. Кейін әнші Раим атымен танымал Райымбек Бақтыгереевпен шаңырақ көтерді. Ерлі-зайыптылардың Ислам және Батыр есімді ұлдары дүниеге келді. Ерке Есмахан әлеуметтік желіде де белсенді болып, шығармашылығы мен отбасылық өміріне қатысты жаңалықтарын оқырмандарымен бөлісіп отырады. Бүгінде ол қазақ эстрадасында өзіндік орны бар, ерекше даусымен, есте қаларлық әндерімен және ашық мінезімен көпшілікке танылған өнер иесі саналады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары