Орал қаласының соты инсульт алған 58 жастағы ер адамға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген деген қорытындыға келіп, аурухананы оның ұлына 4 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Malim.kz Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.
Іс материалдарына сүйенсек, Орал тұрғыны ауруханаға бірнеше рет жүгінген. Алайда дәрігерлер оны мас күйде деп ойлап, қажетті тексерулерден өткізбеген. Ең қызығы, оның ағзасында шынымен ішімдік бар-жоғын анықтайтын сараптама да жасалмаған.
Тек Денсаулық сақтау басқармасының call-орталығына шағым түскеннен кейін ғана ер адам ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер оған ишемиялық инсульт деген диагноз қойған. Бірақ ем басталғанына қарамастан, ол келесі күні жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Марқұмның ұлы әкесінің өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп есептеп, сотқа жүгінген. Бұған дейін бұл оқиға бойынша қылмыстық іс тоқтатылған. Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізген тексеру кезінде науқасқа медициналық көмек көрсету барысында бірқатар заңбұзушылық болғаны анықталған.
Аурухана өкілдері талаппен келіспегенімен, сот медициналық көмектің кеш көрсетілуі науқастың өмірін сақтап қалу мүмкіндігін төмендеткен деген шешімге келді. Осыны ескере отырып, ауруханаға марқұмның ұлына 4 миллион теңге моральдық өтемақы төлеу міндеттелді. Сот шешімі заңды күшіне енді.