Malim.kz
Әлем

Дәстүрге беріктігі осы ма? Британ блогері түңілгенін айтты

Ереке Базарқұл
© The Sun (Credit: Ben the Brit / Youtube)

26 жастағы британдық Бен деген youtube-блогер Ресейдің Курск қаласына көшіп барып, шынайы өмірдің сипаттағаннан әлдеқайда алыс екеніне көзі жеткенін айтыпты. Бұл туралы The Sun таблоиды жазыпты.

Бен бірнеше жыл бұрын шығу тегі ресейлік әйелі үшін Курскіге көшіп барған екен. Өзінің айтуынша, содан бері "мәдени шок" алған. 
Блогер қымбатшылыққа, әсіресе, баспана жалдау құнының өсуіне, нәсілшілдікке шағымданады. Сонымен бірге, арнайы органдар әйелі екеуін әбден мезі еткен.

Айтулы «дәстүрлі құндылықтардың» орнына Бен - ажырасудың көптігін, жалғызбасты аналардың жиі кездесетінін, түсік жасатудың баршылығын, сондай-ақ, «әркім өз күнін өзі көреді» дегенге келетін жергілікті менталитетті жазады. Оның айтуынша, кейбір пәтер иелері баспананы «тек орыстарға ғана» жалға береді. Бен ақыры өз қатесін мойындап, дәл осындай тәжірибені қайталағысы келетіндерге: «үйде қалып, өз еліңмен айналыс» деп кеңес берген.

Бен сонымен бірге, қоғамдық орындардағы британдық сыпайылықты сағынатынын айтқан.

Қазан айында РФ ІІМ 2024 жылғы тамыздағы Путин жарлығына сәйкес Ресейге жеңілдетілген тәртіппен көшуге 2200 шетелдік өтініш бергенін хабарлаған.

Орыс тілін білмей-ақ уақытша тұруға рұқсат алу үшін келгендер өз еліндегі «неолибералдық идеологиялық ұстанымдарға» қарсы екенін дәлелдеп, «дәстүрлі құндылықтарды» қолдайтынын көрсетуі тиіс. Ведомости басылымының дерегінше, жыл басынан бері осы схема бойынша 344 адам азаматтық алған.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары