Malim.kz
Қоғам

Демалыс инфляциядан да қымбат

Айгүл Таңатар
qazaqtimes.kz

Қазақстанда демалыс пен туризмге қатысты қызметтердің бағасы жалпы инфляциядан жылдам өсіп жатыр. Energyprom.kz дерегінше, 2026 жылғы маусымда «Демалыс және мәдениет» санатындағы қызметтердің бағасы бір жылда 17,3 пайызға қымбаттаған. Бұл елдегі жалпы инфляция деңгейінен шамамен 7 пайыздық тармаққа жоғары.

Ең жоғары баға өсімі Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Абай, Алматы облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында және Жетісу өңірінде тіркелді. Ал кешенді туристік қызметтер, оның ішінде жолдамалар мен турлардың құны бір жылда 27,8 пайызға өскен. Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 30 пайыздан асып кеткен.

Соған қарамастан, ел ішінде саяхаттайтын қазақстандықтардың саны артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша орналастыру орындарында демалған ішкі туристер саны 10,1 миллион адамға жетіп, бір жылда шамамен 1 миллионға көбейген. Олардың жалпы шығыны 659,2 миллиард теңгені құрады. Ең көп қаржы көлік қызметіне (25,5%), тамақтануға (20,8%) және қонақүйге (12,2%) жұмсалған.

2026 жылдың алғашқы тоқсанында да оң үрдіс сақталды. Қаңтар–наурыз айларында еліміздегі орналастыру орындары 2 миллионға жуық туристке қызмет көрсетіп, көрсетілген қызмет көлемі 69 миллиард теңгеден асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға көп. Туристік нысандар ішкі туризмді қолдау мақсатында демалысты қолжетімді етуге арналған арнайы ұсыныстарды көбейтіп жатыр.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары