Malim.kz
Әлем

Демократтар: АҚШ Әділет министрлігі Эпштейн мен Трамп түскен фотоны сайттан өшірді

Арман Қайыпхан
Фото: Department of Justice/ZUMA Press/IMAGO

АҚШ-тағы оппозиция билікті «Эпштейн файлдарының» жекелеген деректерін жасыруға және бұл іс бойынша маңызы төмен құжаттарды жариялауға тырысты деп айыптады, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.

АҚШ Әділет министрлігі сайтынан түрме камерасында қаза тапқан қаржыгер Джеффри Эпштейн ісіне қатысты көлемді архив жарияланғаннан кейін бір тәулік өтпей кемінде 16 файл жоғалып кеткен. Бұл жағдай кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке мәжбүрледі деп айыпталған марқұм қаржыгердің АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамппен байланысы бар деген күдіктердің қайта күшеюіне себеп болды. Бұл туралы жексенбі, 21 желтоқсанда, Associated Press агенттігі хабарлады.

AP мәліметінше, өшірілген файлдардың қатарында жалаңаш әйелдер бейнеленген картиналардың фотосуреттері, сондай-ақ Эпштейннің зәулім үйінен табылған өзге де суреттер болған. Солардың бірі – Эпштейннің Дональд Трамппен, оның қазіргі жұбайы Меланиямен және қаржыгердің бұрынғы көмекшісі Жислен Максвеллмен бірге түскен фотосуреті. Максвелл адам саудасы және сексуалдық қанау айыптары бойынша жаза өтеп жатыр.

АҚШ Әділет министрлігі файлдардың не себепті сайттан алынып тасталғаны жөнінде БАҚ сұрақтарына жауап берген жоқ. Дегенмен ведомство X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Эпштейн ісіне қатысты фотосуреттер мен өзге материалдар «заң талаптарына сәйкес әрі қарай тексеріліп, редакциялана беретінін» мәлімдеді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары