Марқұм әнші Мәдина Ералиеваның ұлы Арсен Ералиев анасының өмірден өткен сәтін қалай естігенін айтып берді. Ол бұл туралы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында баяндады, деп хабарлайды Malim.kz.
"Қазақтың Ақбаяны" атанған Мәдина Ералиева тірі болғанда 70 жасқа толар еді. Ұлының айтуынша, қаралы хабарды оған әнші Нағима Есқалиева мен анасының достары жеткізген.
"2000 жылдың қараша айы әлі күнге дейін есімде. Нағима Есқалиева мен анамның достары Салман мен Алексей келіп, анамның өлімін естіртті. Басында сенбедім. Өң мен түс арасында жүргендей болдым. Үйге адамдар жинала бастады. Бүкіл әншілер, туысқандар келе бастады. Сосын біз Қызылорданың Байқоңыр өңіріне чартерлік рейспен ұшып кеттік. Анамды сол жерден денесін өзім алып келдім. Әлі күнге дейін анамның күшін сеземін. Ол мені әрдайым желеп-жебеп жүреді. Уақыт өткен сайын сағына беремін", – деді Арсен Ералиев.
Бағдарлама барысында әншінің сіңлісі Сағира Ералиева да естелігімен бөлісті. Оның айтуынша, Мәдина Ералиева өмірінің соңғы кезеңінде кейбір нәрселерді алдын ала аманаттағандай болған.
"Мәдинаның бір қасиеті үйге келгенде бір шыны аяқ шай ғана ішетін. Соңғы келгенде Оралмен әңгіме айтып, дастархан басында ұзақ отырды. Сосын "Мамамыздың фотосы қайда?" деді. Мен оны өзінің алып кеткенін айттым. "Өлген адамдардың фотосын сақтап қою керек екен. Жерге тастамашы" деді. Сол кезде-ақ маған өзінің фотоларын табыстаған екен. Одан кейін Құран кітабын сыйлап, мешітке жиі баруымды өтінді. "Мешіттен келе жатырмын" десем, қатты қуанатын. Артынан Құран оқитын адамды дайындаған болып тұр. Арсенге біреу қатты дауыс көтерсе, ренжіп қалатын. Соңғы сапары Қызылорда өңіріне жолға шығайын деп тұрғанда, көмекшісі бола тұра, "Мен үйден күтші" деді. Бұрын олай айтпайтын. Бірақ мен бармай қалдым. Өлімін өз үйімде отырып естідім", – деді Сағира Ералиева.
Мәдина Ералиева қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әнші ретінде халықтың жадында қалды. Оның орындауындағы әндер әлі күнге дейін тыңдарман жүрегінен орын алып келеді.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде марқұм әнші Мәдина Ералиеваның жеке күнделігінен алынған жазба жарияланып, көпшіліктің назарын аударған. Сондай-ақ белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі марқұм әнші Мәдина Ералиева туралы жан тебірентер естелігін бөліскен еді.
Мәдина Ералиева кім?
Мәдина Есмалайқызы Ералиева – қазақ эстрадасында өзіндік орны бар, нәзік үнімен халық жадында қалған белгілі әнші. Ол 1954 жылы 2 тамызда Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген. Мәдина Ералиева Әлімұлы тайпасының Төртқара руынан шыққан. Әкесі Ерәлі Есмалай тарих пәнінің оқытушысы болып, ұзақ жыл ұстаздық еткен. Анасы Дариға Ыбырайқызы тігіншілікпен айналысқан қарапайым жан болған. Мәдина 8-сыныпта оқып жүрген кезінде анасынан айырылып, бұл жағдай оның өміріне қатты әсер етті.
Ол 1974 жылы Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищенің музыка бөлімін бітірді. Кейін 1978 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыка факультетін тәмамдады. Еңбек жолын 1978-1984 жылдары Әдебиет және өнер институтында қызмет етуден бастады. 1985 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Алматы облысы филармониясының жетекші әншісі болды.
Мәдина Ералиева нәзік те сыршыл даусымен, өзіндік орындау мәнерімен тыңдарманның сүйікті әншісіне айналды. Оның орындауындағы "Ай-қарагөз", "Ақбаян", "Жылқы ішінде ала жүр" сияқты халық әндері ерекше танымал болды. Сондай-ақ "Кіресің жиі түсіме", "Сағым жылдар" секілді қазақ композиторларының әндерін де жоғары деңгейде орындады. Мәдина Ералиева халық әндерін жаңаша нақышпен жеткізіп, ұлттық ән өнерінің кеңінен насихатталуына үлес қосты.
1981 жылы ол режиссер Болат Атабаевпен отбасын құрды. 1982 жылы Арсен есімді ұлы дүниеге келді.
Өнердегі еңбегі үшін Мәдина Ералиева Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты атанды. Ол 1990 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, ал 1991 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағын алды.
Өкінішке қарай, әнші 2000 жылы 27 қарашада Қызылорда облысындағы Майлыбас қиылысы маңында жол апатынан қаза тапты. Мәдина Ералиеваның артында өшпес әндері, сырлы дауысы және қазақ өнеріндегі жарқын ізі қалды.