Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Қадыров өзінің денсаулығына қатысты тараған қауесеттерді жоққа шығарды. Бұл туралы ол 14 қаңтар күні мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
РИА Новости басылымының жазуынша, бұған дейін әлеуметтік желілер мен бірқатар ақпарат көздерінде Қадыровтың бүйрегі істен шығып, ауруханаға түскені, тіпті Мәскеудегі жекеменшік клиникадан дәрігерлер алдырылғаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Алайда республика басшысы бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын айтып, оларды әдейі таратылған жалған ақпарат деп атады.
Қадыров сондай-ақ жалған ақпаратпен күресті күшейтуді Шешен Республикасы үкіметі төрағасының міндетін атқарушы орынбасары, ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрі Ахмед Дудаевқа тапсырғанын жеткізді.
Тікелей эфирде оның көмекшісінің Instagram парақшасында жарияланған видеода Қадыровтың Беной атты таулы ауылда жүргені көрсетілген. Кадр сыртындағы дауыс республика басшысының бұл жерге көлікті өзі басқарып келгенін нақтылаған.
"Менің бүйрекке де, асқазанға да қатысты ешқандай ауруым жоқ. Тек ащы бұрышты көтере алмаймын. Ал жалпы денсаулығым жақсы, күш-қуатым жеткілікті", – деді Рамзан Қадыров.