Malim.kz
Қоғам

Деректен нақты іске: Қазақмыс Жезқазғанда Орталық диспетчерлік орталық ашты

• Мадияр Қапанбек

Жезқазғанда «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен компанияның Орталық диспетчерлік орталығын ашты. Бұл – өндірістік үдерістерді нақты уақыт режимінде бақылауға және басқаруға арналған бірыңғай цифрлық кеңістік.

Орталық өндірістің негізгі бағыттарын: тау-кен жұмыстарын, кен байытуды, теміржол логистикасын және өнеркәсіптік қауіпсіздікті біріктіреді. Бірыңғай ақпараттық кеңістікте өндірістік көрсеткіштер, жұмыскерлер мен техниканың орналасқан жері туралы мәлімет, бейнебақылау деректері және жасанды интеллект негізіндегі бейнеталдау нәтижелері жинақталады.

Цифрлық шешімдер жоспарлы және нақты көрсеткіштерді салыстыруға, ауытқуларды дер кезінде анықтауға, тоқтап қалу себебін талдауға, техниканың пайдаланылуын бақылауға және ықтимал қауіпті жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Осылайша, орталық өндірістік қызметтерді нақты шешім қабылдауға қажетті өзекті ақпаратпен қамтамасыз етеді.

«Біз үшін цифрландыру – ең алдымен, өндірістің тиімділігі мен жұмыскерлердің қауіпсіздігін арттыру құралы. Ең бастысы – деректерді жинаумен ғана шектелмей, ауытқуларды дер кезінде байқап, олардың себебін түсініп, тиісті шара қабылдау. Диспетчерлік орталық туындаған мәселелерге жедел әрекет етуге және өндірістік тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

Жоба Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру жылы аясында жүзеге асырылды және Қазақмыстың цифрлық трансформация жөніндегі кешенді бағдарламасының бір бөлігі болып табылады.

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен цифрлық технологияны өнеркәсіпке енгізу Мемлекет басшысы қойған міндетке сай келетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама кәсіпорындардың тиімділігін арттырып қана қоймай, жұмысшылардың әл-ауқатын жақсартуға да ықпал етуі тиіс.

«Мемлекет басшысы алдымызға экономиканың барлық саласы мен еліміздің барлық өңірінде цифрландыруды дамыту міндетін қойып отыр. Бүгінде «Қазақмыс» корпорациясының осы бағытта үлкен қадам жасағанын көріп отырмыз. Компанияның одан әрі дамуына, өндіріс тиімділігінің артуына және табысының өсуіне тілектеспін. Ең бастысы, бұл нәтиже әрбір кенші мен металлургтің тұрмыс сапасын арттырып, отбасыларының әл-ауқатына оң әсер етуі керек», – деді Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен.

Компания жерасты кеніштерінде зияткерлік диспетчерлеу жүйелерін кезең-кезеңімен енгізіп, жасанды интеллект негізіндегі бейнеталдауды дамытуда. Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздікті автоматты бақылау жүйесіне басымдық беруде.

Атап айтқанда, Жомарт кенішінде атмосфераны үздіксіз бақылауға арналған 40 бекеттен тұратын стационарлық газ-ауа ортасын бақылау жүйесін іске қосу жоспарланған. Ал өздігінен жүретін тау-кен техникасына қауіпті газдарды бақылау және жұмыскерлерге дер кезінде ескерту жасау үшін 62 газталдағыш орнатылған.

Сонымен қатар Қазақмыс өндірістік алаңдардағы сымсыз желіні кеңейтіп, үш өңірдегі 59 нысанға бірыңғай қолжетімділікті бақылау жүйесін енгізді. Қазіргі таңда компьютерлік жабдықтар жаңартылуда.

Орталық диспетчерлік орталықтың ашылуы деректерге, шешім қабылдау жеделдігіне және жұмыскерлердің қауіпсіздігіне негізделген өндірісті басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары