Malim.kz
Қоғам

Digital Qazaqstan: Тоқаев цифрландыру процесі баяу жүріп жатқанын сынға алды

Айбын Атабай
Ақорда

Мемлекет басшысы бірқатар лауазымды тұлғалармен Digital Qazaqstan жобасы бойынша кеңес өткізді, - деп хабарлайды Ақорда. 

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік құрылымдар жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында ауқымды жұмыс істеуі қажет екеніне назар аударды. Негізгі мақсат – озық технология мен жасанды интеллектіні ел өмірінің әр саласына жаппай енгізу. 

"Ең алдымен, қолайлы институционалдық, құқықтық және іскерлік орта қалыптастыру қажет. Қазақстан – ыңғайлы және озық цифрлық реттеу жүйесін енгізген елдердің қатарында. Біз бұл жұмысты алғашқылардың бірі болып бастадық. Атап айтқанда, елімізде Цифрлық кодекс қабылданды. Жасанды интеллект туралы арнайы заң күшіне енді. Бірақ бұл тек ауқымды жұмыстың басы ғана, мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Әлемде болып жатқан өзгерістердің қарқыны өте жоғары. Оны жақсы білесіздер. Ғылым, білім, технология аса жоғары жылдамдықпен дамып жатыр. Сондықтан нормативтік құжаттарды да дер кезінде жаңартып отыру керек. Бір сөзбен, қазіргі заманда әрбір азаматқа түсінікті және айқын болатын "Цифрлық мемлекет" ұғымын қалыптастыру қажет, яғни Digital Qazaqstan стратегиясы азаматтар мен бизнестің нақты талап-тілегін ескеруге тиіс", – деді Мемлекет басшысы. 

Президент Digital Qazaqstan халық мүддесіне қызмет ететін құжат болуға тиіс деп санайды. Дегенмен шұғыл шешімін табуға тиіс бірқатар мәселе де бар.

"Мемлекеттік аппарат қызметін цифрландыруды жеделдету қажет. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа ауыстырылған. Ведомствоаралық ақпарат жүйелері біріздендірілген үдеріске кіріктірілмеген. Жеделдік пен сапа барлық кезеңде басымдыққа айналуға тиіс. Бұған дейін айтқанымдай, адамдарды жүгіртіп, әуре-сарсаңға салмай, деректерді барынша қолжетімді еткен жөн", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Digital Qazaqstan стратегиясында қағазбастылықтан арылып, ішкі процестерді түбегейлі қайта құруға баса мән беру қажет.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары