Әлеуметтік желілерде Қарағанды облысында жоғары оқу орындарының түлектерін диплом жұмыстарын қорғағаннан кейін бірден әскери комиссариатқа алып кеткені туралы ақпарат кеңінен тарады, деп хабарлайды Malim.kz.
Осы жағдайға байланысты Қорғаныс министрлігі ресми тексеріс басталғанын мәлімдеді.
Даудың шығуына әлеуметтік желіде жарияланған видеоүндеу себеп болған. Онда Қарағанды техникалық университетінің түлектері диплом қорғағаннан кейін әскери комиссариат қызметкерлері тарапынан ұсталып, медициналық тексеруден өткізуге жіберілгені айтылған.
Студенттердің бірінің әпкесінің айтуынша, шақыру қағаздары артқы күнмен рәсімделіп, жастарға ешқандай түсініктеме берілмеген.
«23 мамырда інім дипломын қорғады. Сол кезде әскери комиссариат қызметкерлері студенттерді кабинеттен шығармай, таңғы сағат 10 шамасында шақыру қағаздарын берді. Құжатта таңғы 9-да әскери комиссариатқа келу керек деп көрсетілген. Кейін оларды күшпен әскери комиссариатқа апарып, медициналық комиссиядан өткізді. Інімнің 1 шілдеге дейін жарамды кейінге қалдыру құқығы болғанына қарамастан, оны ескерген жоқ», – деді ол.
Оның сөзінше, тек әскери прокуратураға, полицияға және Қорғаныс министрлігіне бірнеше мәрте шағымданғаннан кейін ғана студенттер босатылған.
Желі қолданушылары да осыған ұқсас жағдайлардың болғанын жазып, мәселені қызу талқылап жатыр. Алайда кейбір пікірлерде мұндай әрекеттер әскерден жалтарудың алдын алу мақсатында жүргізілетіні айтылғанымен, оған нақты дәлел келтірілмеген.
Қорғаныс министрлігі бұл жағдай бойынша заң талаптарының сақталуына жан-жақты тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілерде жоғары оқу орындарының түлектеріне диплом жұмыстарын қорғағаннан кейін жергілікті әскери басқару органдары өкілдерінің заңсыз әрекеттері туралы ақпарат тарауда. Осы факті бойынша азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруға байланысты іс-шараларды өткізу кезінде заң талаптарының сақталуын қоса алғанда, барлық мән-жайларды зерделей отырып тексеріс ұйымдастырылды», – деп хабарлады ведомство.
Министрлік заң бұзушылықтар немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілері расталған жағдайда, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.