Ел ерекше ынтығып күтетін мерекелердің бірі – бағзыдан төл саз аспабымыз – домбыраны әспеттейтін күн. Бұл жолы Ұлттық домбыра күні еліміздің бірқатар шаһарларында сән-салтанатымен аталып өтті.
Домбыраны ұлықтайтын шараларға жалпы саны 2 млн-нан астам көрермен мен өнерлі жандар қатынасты. Концерттік бағдарламалар республика аумағын қамтығынаны атап өткен жөн.
Нақтырақ айтқанда 2 мыңнан астам іс-шара, 100-ден астам ірі көлемдегі мәдени жоба мәреге жетті. Барлық қалаларда 30-дан астам концерт көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған. Күйшілер мен домбырашылар байқауы он мәрте өткізілсе, бес бірдей фестиваль халық назарын аударды. Бұдан бөлек,музейлер мен кітапханалардағы алуан түрлі жобалар, шығармашылық кездесулер келушілерге ұмытылмас ғажап әсер сыйлады.
Елдің көрнекті қаласы елордада 10 мыңға жуық оқушы өнер көрсеткен мерекелік шығарылымдар жасалды. Жас домбырашылар шаһардың шырайлы орындарында күй кұмбірін төкті.
Ал Алматы мегаполисінде бірнеше ашық алаңқайда мерекелік нөмірлер әзірленді. Мәселен, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының қарсы алдында ұйымдастырылған концерт атаулы күннің басты шарасына айналғанын айта кетуге тиіспіз. Мұндай ауқымды өнер жәрмеңкелерін Құрманғазының атын алған ұлт аспаптары оркестрі де кең көлемде өткізді.
Шырайы бөлек мереке Алматы қаласындағы халық көп жиылатын орын – Арбат кеңістігінде ұйымдастырылды. Дәстүрлі шара биыл Ата Заңның қолданысқа енген күні мен Астанамыздың мерекесімен де тұспа-тұс келгенін айтып өткеніміз абзал. Аспан астын дүбірлеткен концертке үш мыңнан астам көрермен жиылып, қаланың ажарын ашты деуге болады.
Өнер жәрмеікесінің көрігін «Salt Sound» ұлттық ансамблі қыздырып, асыл қазына- халық әндерін әуелетті. Осылайша төл музыкамыздың тың қырларын бұқара көкейіне қонақтатты. Кетің меймандары да көрерменінің көңілінен әлдеқашан мықтап орын алған өнерпаздар. Назерке Абілхасенова, Жайна Тарғын, Миpлaн Жaмбыл тәрізді еларалық конкурстардың жеңімпаздары өнерімен елдің ілтипатына бөленді. Бұл концерт барысында күмбірлі күйлермен қатар, жаһан жұртына мәлім таңдамалы шығармалар да жарияға шықты.
Бабалар үнін жеткізген мереке Шымкентте де халықтың рухани шөлін басты. Қаланың әр түкпірі домбыра үнімен тыныстады. Мысалы, теміржол желілерінде, әуежай мен автовокзалдарда, автобустарда, этноауылда және «Шым Сити» паркінде әндер әуелеп, күйлер шалқыды. Мұның сыртында алуан түрлі концерттер, көрмелер, шеберлік сабақтары бар. Аға буын шеберлер өскелең жастарға домбыра жасаудың әдіс-тәсілдерін меңгертуге күш салды.
Бұл күні Ақтөбе шаһарындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы маңындағы алаңда мың бес жүз домбырашы бір сәтте домбырада ойнады. Кеште күйдің пірі Құрманғазының, дәулескер Әбдімомын Желдібаев пен Айтқали Жайымовтардың музыкалық туындылары көптің жан-жүйесін босатты.
Төл саз аспабымыздың мерекесі Түркістанда, Сыр елінде, Орал шаһарында республикалық күйшілер байқауымен жалғасын тапты. Халықтың өлмес мұрасын дәріптеуге қарағандылық, жетісулық, атыраулық, Абай мен ШҚО-лық өнер саңлақтарымен қатар, тараздық, павлодарлық, қостанайлық, маңғыстаулық таланттар да жұдырықтай жұмыла атсалысты. Нақышы өзгеше мерекеде әлеуметтік желі қолданушылары #dombrakuni республикалық онлайн акциясына бір кісідей бірлікпен қатысқанын да ұмытпауымыз керек. Домбыра мейрамы шет мемлекеттер аренасында да асқан танымалдылыққа ие. Айталық, аспан асты елінде Dombra Party өтіп, халықтың қызығушылығын тудырды.