Malim.kz
Қоғам

"Дос кім, туыс кім? Мен ешкімнен ақша сұраған жоқпын": Марқұм Арман Дүйсеновтің әйелі ел естімеген шындықты айтты (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
Ulysmedia.kz коллажы

Марқұм композитор Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы әлеуметтік желідегі парақшасында соңғы уақытта бастан өткерген ауыр кезеңі туралы жазба жариялап, жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Malim.kz.

Ол өз жазбасында ешкімнен қаржылай көмек сұрамағанын, тек сот шешімінің әділдігіне қоғам назар аударып, пікір білдірсе деген ниеті болғанын атап өтті. Айсұлу ханымның сөзінше, қиын сәтте "қолдаймыз" деген кейбір адамдар сырт айналып кеткен.

"Дос кім, туыс кім? Басыңа іс түскенде біледі екенсің. Мен ешкімнен ақша сұраған жоқпын, тек менің жағдайыма қатысты соттың шешімі әділ ме соған пікір білдіріп, қолдау жасаңыздаршы дедім. "Маған сенім артуыңа болады" дегендердің көбі бұл жағдайда сырт айнала салды. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, өздері біліп отырған шығар... Алланың мейірімі шексіз ғой, тар жол, тайғақ кешіп жүргенде, жүрегінде иманы бар жандарды жолықтырып, жарға келіп тірелген тірліктің оңға қадам басуына бар көмегін көрсеткен, Қайрат Реимов мырзаға, басқа да азаматтарға айтар алғысым шексіз. Жаратқан жандарыңызға нұрын шашсын, Алла разы болсын", – деп жазды Айсұлу Айданқызы. 

Айта кетейік, жуырда журналист Руслан Өтепбай да қуанышты жаңалықты бөлісті. Оның айтуынша, сот шешімімен Айсұлу ханым өзінен тартып алынған үйін қайтарып алған. Журналист бұл жаңалықты "сүйінші" деп жариялап, қолдау білдірген барша қазақстандықтарға алғыс айтылғанын жеткізді.

Пәтер дауы қалай туындады?

2025 жылдың қараша айында Айсұлу Айданқызы алғаш рет ашық сұхбат беріп, отбасының басынан өткен ауыр жағдай туралы айтқан еді. Арман Дүйсенов пен оның ұлы Абылайдың қазасынан кейін пәтерге қатысты дау туындаған.

Марқұмның жарының сөзінше, нарықтық құны шамамен 140 миллион теңге болатын баспанаға байланысты бір азамат 65 миллион теңге бердім деп, мүлікке толықтай иелік етуді талап еткен. Тіпті "40 күн өтсін, сосын пәтерді босатсын" деген талап та қойылғанын айтқан. Оның айтуынша, бұл сөздер қайғыдан еңсесін тіктей алмаған уақытта тікелей айтылған.

Арман Дүйсенов туралы

Арман Нариманұлы Дүйсенов (1974-2023) – белгілі композитор, продюсер және тележүргізуші. Ол Орал қаласында дүниеге келген, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған. Шығармашылық жолында 350-ден астам ән жазып, қазақ эстрадасының танымал өнерпаздарымен жұмыс істеген. Мемлекеттік "Мәдениет қайраткері" төсбелгісінің иегері, "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағына ие болған.

Композитор 2023 жылдың 24 қаңтарында Алматы қаласында 48 жасында дүниеден өтті.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары