Malim.kz
Қоғам

Дубайда 22 жастағы қазақстандық өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Арман Қайыпхан
Фото: azh.kz

Дубай қаласында Қазақстанның 22 жастағы азаматы Ернұр Алмахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Malim.kz "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Сот оған сондай-ақ 2,5 миллион дирхамнан асатын айыппұл салды. Бұл шамамен 300 миллион теңгеден асады. Бұл туралы қазақстандық БАҚ сотталған азаматтың отбасы мен Сыртқы істер министрлігінің ресми мәліметіне сілтеме жасап хабарлады.

Туыстарының айтуынша, жас жігіт 2024 жылдың қыркүйегінде Біріккен Араб Әмірліктері-не жұмыс істеуге барып, жүргізуші болып еңбек еткен.

Анасы ұлының кінәлі екеніне сенбейтінін айтып, оның жала құрбаны болуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Сондай-ақ отбасы ұзақ уақыт бойы тағылған айыптардың нақты мән-жайын толық білмегенін жеткізді.

Жақындары үкім туралы тек 2026 жылдың сәуір айында білген. Әңгіме 18 наурызда шығарылған бірінші сатыдағы сот шешімі туралы болып отыр. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты растап, үкімнің әлі заңды күшіне енбегенін атап өтті.

Мәліметтерге сәйкес, сот шешіміне апелляциялық шағым берілген. Оны қарау 2026 жылғы 27 сәуірге жоспарланған.

Бірқатар басылымдар бұл істі 2025 жылғы Жаңа жыл түні Дубай қаласындағы виллаға жасалған шабуылмен байланыстырады. Олардың дерегінше, ол жерде Эдвард Сабиров тұрған.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары