Тележүргізуші Динара Сәтжан ұлы мен келінінің бөлек шаңырақ болып, өз алдына тұрмыс бастағанын айтты. Ол Instagram-парақшасында келінінің алғаш рет өз үйінде қонақ күткенін жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Динара Сәтжанның айтуынша, жас жұбайлар үйлену тойынан кейін екі ай бойы ата-анасымен бірге тұрған. Осы уақытта келіні Айнұра отбасының күнделікті тіршілігімен, қонақ күту дәстүрімен танысқан.
"Осы уақыт ішінде Айнұра біздің күнделікті тұрмыс-тіршілігімізді көріп, үйіміздің жылуын сезініп, қонақ күту дәстүрімізбен танысып, көп нәрсені үйреніп үлгерді. Ал бүгін алғаш рет өз қонақтарын өзі қарсы алып, өз шаңырағының иесі ретінде қадам жасады", – деп жазды тележүргізуші.
Ол келініне Ақмарал есімді жақыны көмектесіп жүргенін де атап өтті. Ал Айнұраның анасы Тамара қызының жасауын әкелген. Тележүргізуші бұл дәстүрдің ізгі ниет пен ақ тілекке толы екенін айтып, енді балаларының дербес өмірі басталғанын жеткізді.
Сондай-ақ Динара Сәтжан балаларының есейіп, өз жолын тапқанын көру ана үшін үлкен бақыт екенін жазды. Оның пікірінше, олардың жеке өмір бастағанын қабылдай отырып, ата-ана өз өмірінің қуанышын да ұмытпауы керек.
"Бүгінгі бақытым – балаларымның өз жолын бастағанын көріп, өз өмірімнің осы әдемі кезеңін ризашылықпен сезіну", – деп бөлісті ол.
Еске салайық, бұған дейін Динара Сәтжанның ұлы Даниалдың үйлену тойы туралы жазған едік. Сол кезде жас жұбайлардың тойына қойылған Эйфель мұнарасы үлгісіндегі торт көпшіліктің назарын аударған. Тележүргізуші оның дизайны жастардың Парижге жасаған сапарымен байланысты екенін түсіндірген болатын.
Динара Сәтжан кім?
Динара Сәтжан – қазақстандық журналист, тележүргізуші және кәсіпкер. 1982 жылы 21 қыркүйекте Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған.
Еңбек жолын студент кезінде "Шахар" телерадиокомпаниясында бастаған. Кейін "Астана" және "Хабар" телеарналарында жұмыс істеген. "Статус QUO", "Sky Студия" бағдарламаларының авторы әрі жүргізушісі ретінде танылған. Телевизиядағы қызметімен қатар сән саласында кәсіп жүргізіп, отандық дизайнерлердің киімдерін ұсынатын дүкендер желісін және өзінің киім брендін дамытқан.