Malim.kz
Әлем

Екі мыңнан астам мысықты ұрлап, етке өткізген қылмыстық топ ұсталды

• Алуа Әшірбекова
Фото: canva.com

Құқық қорғау органдары екі мыңнан астам мысықты ұрлап, кейін олардың етін мейрамханаларға сатып келген қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі. Іс бойынша 12 адам ұсталған, деп хабарлайды Malim.kz. 

CBS News мәліметінше, күдіктілердің әрекеті шілде айында белгілі болған. Тінту кезінде тәртіп сақшылары 50 тірі мысықты құтқарып, 55 қақпан, екі таразы және жануарлардың жүнін тазалауға арналған екі құрылғыны тәркіледі. 4 қазанда күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Тергеу дерегіне сәйкес, топ мүшелері түнгі сағат 23:00-ден таңғы 04:00-ге дейін мотоциклмен тұрғын аудандарды аралап, мысықтарды ұстап жүрген. Бір түннің өзінде олардың қолына төрттен онға дейін жануар түскен.

Ұсталғандар тергеу барысында осы уақытқа дейін шамамен 2,7 мың мысықты ұрлағанын мойындаған. Кейін жануарлардың етін мейрамханаларға өткізіп отырған. Бір келі ет шамамен 230 рубльге балама бағамен сатылған.

Бұл елде мысық пен ит етін тағам ретінде пайдалануға заң жүзінде толық тыйым салынбаған. Алайда мұндай өнімді сататын кәсіпкерлер жануарлардың қайдан алынғанын растайтын құжат ұсынуға міндетті. Сондықтан күдіктілерге қатысты негізгі мәселенің бірі – жануарларды заңсыз жолмен ұрлап, саудаға шығаруы.

Бұған дейін де Азияның кейбір елдерінде мысықтарды жаппай ұстап, етке өткізу деректері тіркелген. Мұндай оқиғалар жануарларға қатыгездік көрсету және азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін қайта-қайта көтеріп келеді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары