Malim.kz
Қоғам

"Екі қолы артына байлаулы адам өзіне қол жұмсай ма?" – Арман Дүйсеновтің жары Тоқаевтан көмек сұрады

Қайсар Қанат
ашық дереккөзден

Белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Дүйсеновтің жұбайы Айсұлу Айданқызы Алматы қаласы сотының шешіміне қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдап, әділдік сұрады. Бұл туралы ол «TalkLike» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Айсұлудың айтуынша, 2024 жылдың 7 қазанында оның 21 жастағы ұлы Абылай Дүйсен өз үйінде жұмбақ жағдайда көз жұмған. Марқұмның денесі екі қолы артына байланған, мойын тұсы да байлаулы күйінде табылған.

– «Екі қолы артына байлаулы адамның өзіне қол жұмсауы мүмкін бе? Тергеу барысында бірқатар дерек анықталса да, нақты шешім қабылданған жоқ. Бостандық аудандық полициясы да нақты жауап бере алмады», – деді ол.

Марқұмның анасы тергеу кезінде Абылайдың өліміне қатысты бірқатар айғақтар тіркелгенін, алайда істің толық ашылмағанын айтады.

Бұған қоса, 2025 жылдың 24 қазанында Бостандық аудандық соты Айсұлу Айданқызы мен оның 13 жастағы ұлы және 83 жастағы әкесін тұрып жатқан пәтерден шығару туралы шешім шығарған.

Оның сөзінше, пәтерге таласып жүрген азамат Мұқаш Санжар тергеу кезінде бұл пәтерді сатып алмағанын, тек Абылайға 65 миллион теңге қарыз беріп, пәтерді кепілге алғанын мойындаған. Бұл дерек 2024 жылғы 15 қазан және 2025 жылғы 30 шілдедегі сот қаулыларында да көрсетілген.

– «Сот сатып алу-сату келісімін жарамсыз деп тануы тиіс еді. WhatsApp жазбаларында Санжардың қарызды жоғары пайызбен бергені анық көрінеді. Бірақ сот шешімі заңға қайшы қабылданды», – деді Айсұлу Айданқызы.

Ол мемлекет басшысынан істің әділ қаралуына ықпал етуін сұрап, ашық өтініш жолдады:

– «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сот төрелігінің әділ болуына көмектесуіңізді өтінемін», – деп аяқтады композитордың жары.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары