Павлодар облысы Екібастұз қаласында қатты аяз кезінде полиция қызметкерлері мұз ойылып, суға кеткен балықшыларды құтқарып қалды, деп хабарлайды Malim.kz.
17 қаңтарда таңғы сағат 07:33-те Екібастұз қаласындағы су қоймасынан Mitsubishi Delica автокөлігінің мұз астына батып кеткені туралы хабарлама түсті. Көлікпен төрт азамат балық аулауға барған.
Жедел әрекет еткен учаскелік инспектор Архар Оспанов автокөлік пен балықшыларды тауып, оқиға туралы төтенше жағдай қызметіне хабарлады.
Құтқару барысында барлық төрт ер адам аман қалды. Олар қатты тоңған, сүңгіген киімдері мұз болып қатып қалғандықтан бірден көлікке отыра алмады. Шалбарлары қайшымен кесіліп, медициналық көмек көрсетілді. Барлығы ауруханаға жеткізілді, зардап шеккендер жоқ.
Полиция тұрғындарды қатты аяз кезінде ескертулерге қарамастан мұзға шығудан және қауіпсіздік шараларын сақтамаудан аулақ болуға шақырды.