Malim.kz
Спорт

Екінші алтын: Тағы бір отандасымыз бокстан Азия чемпионы атанды

Сабина Асқарқызы
ҚБФ

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда бокстан әйелдер арасындағы Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектері аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Аса ауыр салмақта (+80 кг) бақ сынаған Дина Исламбекова финалда 2021 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы және 2022 жылғы Азия чемпионы үндістандық боксшымен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Осылайша, Қазақстан қоржынына чемпионаттағы екінші алтын медаль түсті.

Сөйтіп Қазақстан әйелдер командасы Моңғолиядағы чемпионатты 2 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлдемен аяқтады. Жалпыкомандалық есепте Үндістан құрамасы 4 алтын, 2 күміс және 4 қола жүлдемен бірінші орынды иеленсе, Қазақстан екінші орынға тұрақтады. Үздік үштікті 2 алтын және 3 қола жүлдесі бар Қытай құрамасы түйіндеді. Өзбекстан қыздары 2 күміс және 3 қола жүлдемен 7-орынды иеленді.

Айта кетейік, бүгін Дина Исламбековадан бөлек Надежда Рябец (-80 кг) алтыннан алқа тақса, Бақыт Сейдіш (-70 кг) күміс жүлдеге ие болды. Ал Әйгерім Сәттібаева (-48 кг) мен Валентина Хальзова (-75 кг) қола жүлде алды.

Ертең ерлер арасындағы финалдық жекпе-жектер өтеді. Қазақстан құрамасынан Оразбек Асылқұлов (-60 кг), Төрехан Сабырхан (-70 кг), Сабыржан Аққалықов (-75 кг), Нұрбек Оралбай (-85 кг) және Айбек Оралбай (+90 кг) бақ сынамақ.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары