Malim.kz
Оқиға

Ел солтүстігінде қатарынан екі жол апаты болды

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Солтүстік Қазақстан облысында екі бірдей жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды. Соның салдарынан үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Malim.kz.

Алғашқы апат сенбі күні, 7 ақпанда Қызылжар ауданында Жезқазған — Петропавл автожолының бір бөлігінде болды.

Toyota Camry көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, жоғары жылдамдықпен Shacman жүк көлігіне соғылған. Соқтығысудан кейін екі көлік те өртеніп кеткен.

Жүк көлігінің жүргізушісі аман қалды. Алғашында шетелдік автокөліктің 55 жастағы жүргізушісі өрт ішінде қаза тапқаны хабарланған еді. Кейіннен жеңіл көліктің салонында тағы бір жолаушы болғаны және оның да жанып кеткені анықталды.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, полиция апаттың мән-жайын анықтап жатыр.

Екінші өліммен аяқталған жол апаты 8 ақпан күні таңертең облыстың Мамлют ауданында болды. Audi автокөлігі сүт таситын көлікпен соқтығысқан. Жеңіл көліктің 24 жастағы жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты.

«8 ақпанда Мамлютка — Қостанай автожолында КамАЗ және Audi көліктерінің қатысуымен болған апат салдарынан Audi жүргізушісі көз жұмды. Қылмыстық іс қозғалды, жол-көлік оқиғасының мән-жайы анықталуда», — деп хабарлады СҚО полиция департаменті.

Полиция жолдағы қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, жол жағдайын ескеру және көліктің техникалық жағдайын бақылау қажет екенін еске салады.

Бұған дейін хабарланғандай, 8 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысында Астана — Петропавл республикалық тасжолында Toyota Camry жеңіл көлігі мен жүк фурасының соқтығысуы салдарынан төрт адам, оның ішінде 17 және 15 жастағы екі жасөспірім қаза болған.

Еске салайық, бұған дейін Жетісуда жантүршігерлік жол апатында 5 адам қаза болған еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары