Malim.kz
Қоғам

Электрлі самокат жүргізушілеріне талап қатаңдатылды

Айбын Атабай
Солтан Жексенбеков/Kazinform

Ішкі істер министрі 2026 жылғы 27 сәуірдегі бұйрығымен Жол қозғалысы қағидаларына және көлік құралдарын пайдалануға жіберудің негізгі ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізді. 

Электр самокат жүргізушілері алдымен веложолмен немесе веложолақпен жүруге тиіс. Егер ондай жолдар болмаса:

Жолдың оң жақ шетімен, соның ішінде маршруттық көлікке арналған жолақпен (бір қатар болып, белгіленген талаптарды сақтай отырып);

Жол жиегімен;

Тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен, бірақ сағатына 6 км-ден аспайтын жылдамдықпен және жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмей жүруі тиіс.

Электр самокат жүргізушілеріне қатысты:

18 жасқа толмаған, жүргізуші куәлігі жоқ (немесе оның орнына берілген уақытша куәлігі жоқ) адамдарға жолдың оң жақ шетімен, соның ішінде маршруттық көлікке арналған жолақпен жүруге тыйым салынады.

Бұл талап тек Қазақстанда берілген жеке басын куәландыратын құжаты болған жағдайда ғана қолданылады деген ескерту бар.

2026 жылғы 12 шілдеден бастап жаңа норма күшіне енеді:

Көлік құралы тоқтатылған жағдайда, жүргізушінің құжаттарын тексеруге немесе көлікті пайдалануға құқығы бар тұлғалар дереу көлікке жақындап, тоқтатудың себебін түсіндіруге тиіс;

Жүргізушінің талабы бойынша олар қызметтік куәлігін көрсетіп, оның фамилиясы мен лауазымын атауы қажет, бірақ куәлікті жүргізушіге бермейді.

Егер жүргізушінің Жол қозғалысы туралы заң талаптарын немесе осы ережелерді бұзғаны анықталса не автоматты түрде тіркелсе, оған тиісті материалдар танысу үшін ұсынылуы тиіс.

Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркеу стационарлық сертификатталған техникалық құралдар мен құрылғылар арқылы жүзеге асырылған жағдайда, арнайы белгі орнату міндетті емес екені көрсетілген.

Көлік жүргізушілеріне белгіленген тәртіппен бекітілген ең жоғары жылдамдықтан асыруға тыйым салынады.

Көлік құралының жылдамдық режимін бұзу ең жоғары жылдамдықтан асқанын анықтау, тіркеу немесе көліктің орташа жылдамдығын автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен құрылғылар арқылы есептеу негізінде айқындалады.

2026 жылғы 12 шілдеден бастап мына норма күшіне енеді:

Көлік құралының техникалық сипаттамасында белгіленген ең жоғары жылдамдықтан асыруға;

Көлік құралында орнатылған "Жылдамдықты шектеу" тану белгісінде көрсетілген жылдамдықтан асып кетуге (бұл жерде және әрі қарай тану белгілері Негізгі ережелерге сәйкес көрсетілген);

Жол қозғалысының басқа қатысушыларына кедергі келтіруге;

Жол-көлік оқиғасының алдын алу қажет болмаған жағдайда кенеттен тежеуге тыйым салынады.

Сондай-ақ, көк немесе қызыл түсті жыпылықтайтын шырағы және арнайы дыбыстық сигналы қосылған көлік құралдары жақындаған кезде, жаяу жүргіншілер жүріс бөлігін кесіп өтпеуі тиіс, ал егер жол үстінде болса, олар бұл көліктерге жол беріп, жүріс бөлігін босатуы қажет.

Сары немесе қызғылт сары түсті жыпылықтайтын шырағы қосылған көлік құралдарының жүргізушілері жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кедергі жоқ екеніне көз жеткізген жағдайда, кейбір жол белгілері мен жол таңбалары талаптарынан (2.2, 2.4, 2.5, 2.6, 3.11, 3.12, 3.13, 3.14, 3.17.2, 3.20 белгілерінен басқа), сондай-ақ осы Қағидалардың 63, 64, 65, 66, 67 және 118-тармақтарынан ауытқуына рұқсат етіледі.

Бұдан бөлек, жол қозғалысына қатысушылар олардың қызметін жүзеге асыруына кедергі келтірмеуі тиіс.

Сонымен қатар маршруттық көлік құралдарына арналған жолақта (5.9, 5.9.2, 5.9.3, 5.9.4, 5.10.1, 5.10.2, 5.10.3 белгілерімен белгіленген) басқа көлік құралдарының қозғалысына және тоқтауына тыйым салынады.

Бұл жолақта тек қоғамдық көлікке және М3 санатындағы басқа көлік құралдарына ғана рұқсат етіледі (Ереженің 166 және 168-1-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда).

Сары немесе қызғылт сары жыпылықтайтын шырақ мына көліктерде қосылады:

Жол жөндеу, тазалау, құрылыс жасап жүрген көліктерде;

Ауыр, ірі немесе қауіпті жүк таситын және оны сүйемелдейтін көліктерде;

Балаларды таситын автобустарда;

Күзет, инкассация, бақылау сияқты арнайы қызмет көліктерінде;

Велосипедшілер тобын немесе құқық бұзушылықты бақылап жүрген қызмет көліктерінде;

Мемлекеттік және жергілікті бақылау қызметтерінің жұмыс көліктерінде.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары