Malim.kz
Спорт

Елена Рыбакина Уимблдонда 16-жеңісіне қол жеткізді

Сабина Асқарқызы

Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің үшінші айналымына өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 72-орында тұрған германиялық Лаура Зигемундпен өзара кім мықтыны анықтады. Қарсыластар осыған дейін бес рет кездесіп, соның төртеуінде Рыбакина жеңген еді. Бұл жолы бірінші партияда Елена 3:1 есебімен алға шыққанымен, Зигемунд таразы басын теңестірді. Дегенмен қазақстандық спортшы қатарынан үш геймді өз еншісіне жазды – 6:3.

Екінші сетті германиялық спортшы брейкпен бастағанымен, Рыбакина есепті теңестірді – 2:2. Алайда сет Зигемундтің еншісінде кетті – 6:3. Үшінші, шешуші сетте Рыбакина дегеніне жетті – 6:3. Бұл – Рыбакинаның Уимблдон турнирлеріндегі 16-жеңісі. 

Енді отандық теннисші әлемдік рейтингіде кезінде көш бастаған, қазір 91-орындағы даниялық Каролина Возницкимен жолығады.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары