Malim.kz
Қоғам

Елімізде 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қойылуы мүмкін

Сабина Асқарқызы
Ашық дереккөзден

Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеу мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Үкімет кулуарында Евгений Кочетов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, кәмелетке толмағандардың интернеттегі белсенділігіне қатысты заң жобаларының арнайы пакеті әзірленген. Құжатта балалардың онлайн-платформаларға қолжетімділігін шектеуге арналған нормалар қамтылған.

«Осындай заң жобаларының пакетін әзірледік. Оның ішінде балалардың онлайн-платформаларға қолжетімділігін шектеу нормалары бар. Соның бірі - 16 жасқа дейінгі балалардың тіркелуін шектеу. Алайда нақты тетіктері әлі айқындалған жоқ. Заң жобасы Парламентке түскен жоқ», - деді Кочетов.

Вице-министрдің сөзінше, құжат әзірге мемлекеттік органдармен келісу кезеңінде, сондықтан бастаманың нақты тетіктері әлі талқыланып жатыр.

Сонымен қатар заң жобасына онлайн-коучтар мен психологтардың қызметіне қатысты нормалар да енгізілген.

«Қазір бұл бастама Үкіметте қаралып жатыр. Кейін жаңа Парламент алаңында және Құрылтайда талқыланады. Біз бұл норманың қажет екеніне сенімдіміз. Мұндай тәжірибені тек Қазақстан емес, көптеген дамыған елдер де қолдайды», - деді вице-министр.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары