Malim.kz
Қоғам

Елімізде аптап ыстықтан 26 адам көз жұмды

Айбын Атабай
Pixabay

Кейінгі бірнеше айда Қазақстанда аптап салдарынан 26 адам көз жұмды. Бұл туралы  Malim.kz  BES.media басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының бас маманы Зәуре Нұритдинованың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3–4 есе артқан. Былтыр аптаптан жеті адам қайтыс болған.

Зәуре Нұритдинованың сөзінше, ыстыққа шыдамайтын топқа егде жастағы адамдар, диспансерлік есепте тұрған науқастар, созылмалы ауруы бар ерте жастағы балалар жатады. Себебі балалардың жылу алмасу жүйесі толық қалыптаспаған. Сол себепті олардың ағзасы қызуға және жылу соққысына көбірек бейім келеді.

Сонымен қатар жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар адамдар да қауіп тобына жатады. Бұдан бөлек, құрылысшылар мен далада ұзақ уақыт еңбек ететін басқа да мамандар ыстық күндері медициналық көмекке жиі жүгінеді.

Зауре Нұритдинованың айтуынша, жедел жәрдемге жүгінген 30 мың адамның 2 700-іне жылу соққысы, сусыздану және ағзаның қызып кетуі салдарынан медициналық көмек көрсетілген.

Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Сонымен қатар, аптап ыстыққа байланысты 200-ге жуық адам ауруханаға жатқызылған. Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі жобалық кеңсенің мәліметінше, Қазақстанда аптап ыстықтың салдарынан жаңа температуралық рекордтар тіркеліп жатыр. Сонымен қатар, ыстыққа байланысты денсаулығы сыр берген адамдар көбейіп, дәрігерлерге жүгіну жағдайлары да артқан.

Қор дерегіне сәйкес, Орталық Азиядағы ауа температурасы Жер шарындағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жылдам өсіп келеді. Бұл қазақстандықтардың денсаулығына да елеулі әсерін тигізіп жатыр.

Мәселен, биыл маусымда елде артериялық гипертонияға байланысты шұғыл медициналық көмек көрсету жағдайлары 2025 жылдың маусымымен салыстырғанда 26% артқан.  

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары