Malim.kz
Қоғам

Елімізде аптасына төрт күн жұмыс істеу жүйесі біртіндеп енгізілуі мүмкін

Айбын Атабай
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда аптасына төрт күн жұмыс істеу жүйесі біртіндеп енгізілуі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қазірдің өзінде жеті күннің 32 сағатын ғана кеңсе қызметіне арнайтын мамандар бар екенін айтады. Бұл өз кезегінде жұмыс өнімділігін арттырып, азаматтардың жеке өміріне уақыт бөлуіне мүмкіндік бермек. Бұл туралы 31-телеарнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.

Аптасына төрт күн жұмыс істеу еңбек заңнамасында бұрыннан қарастырылған. Алайда ол тек жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісімі негізінде ғана енгізіледі. Яғни, барлық қазақстандықты төрт күндік жұмыс тәртібіне міндетті түрде көшіру жоспарда жоқ дейді жауапты министрлік өкілдері.

“4 күндік жұмыс аптасы 2023 жылы еңбек заңнамасына енгізілген. Сол кезден бастап жұмыс берушілерге мүмкін болған жағдайда осы режимге көшу ұсынылды. Бірақ бұл әлі кең таныла қойған жоқ. Сондықтан бір апта 6 күн жұмыс істесе, келесі аптада 4 күн жұмыс істеді. Сонда 40 сағаттық жұмыс сақталады. Әрі жалақыға да кері әсері болмайды”, – дейді  Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Арман Оспанов.

 Сарапшылардың айтуынша, бұл жүйе барлық салаға бірдей қолайлы емес. Мысалы, өндіріс, медицина, білім беру, көлік және қызмет көрсетуде жұмыс уақытын қысқарту қосымша шығындарға әкелуі мүмкін дейді. Мұндай жағдайда кәсіпорындарға қосымша ауысым енгізуге немесе жаңа қызметкерлерді жұмысқа алуға тура келеді.

“Қазір әзірге дайын емес кәсіпкерлер. Бірақ ол жерде психология жағынан. Өйткені біз үйреніп қалдық қой. Таңғы тоғыздан алтыға дейін. Күнде күнде 8 сағат жұмыс істеу. Бірақ қазір заман өзгеріп жатыр. Қазір көріп тұрсыз жаңа мысалы институтттан шыққан жаңа түлектер олардың бәрі 8 сағат ешкім жұмыс істегісі келмейді. Олардың бәрі бір күнде екі-үш сағат жұмыс істеп, қалған уақытын өзінің денсаулығына, спортқа, семьясына арнағысы келеді. Сондықтан сол психологияға біз үйренуіміз керек”, – дейді экономист Бекнұр Қисықов.

Көпшілікке үшін үш күндік демалыс тартымды көрінуі мүмкін. Бірақ оның да өз шарты бар. Егер жұмыс аптасы төрт күнге қысқарса, кей жағдайда күнделікті жұмыс уақыты ұзаруы да ықтимал. Сондықтан бұл өзгерістің тиімділігі әр мекеменің жұмыс ерекшелігіне байланысты болмақ.

Бұған дейін қазақстандықтар төрт күндік жұмыс аптасына көшуі мүмкін екенін және министр ол үшін не істеу керегін айтқан еді. 

“Егер ұйымның жұмысын тиімді жүргізу үшін төрт күн жеткілікті болса, жұмыс беруші осындай шешім қабылдай алады. Менің ойымша, біз бұған кезең-кезеңімен келеміз. Қалай болғанда да, жекелеген салалар уақыт өте келе төрт күндік жұмыс аптасына өте бастайды”, – деді Асқарбек Ертаев.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары