Malim.kz
Қоғам

Елімізде инсульт қаупі бар 5 мыңға жуық адам бары белгілі болды

Сабина Асқарқызы
ҚР денсаулық сақтау министрлігі

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ми қан айналымының бұзылыстарын ерте анықтауға бағытталған жаңа бағдарламаларды енгізу нәтижелері туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Жыл басынан бері 50 жастан асқан 82 мыңнан астам ер азамат брахиоцефалдық тамырларды ультрадыбыстық зерттеу арқылы тексеруден өткен

Зерттеу қорытындысы бойынша шамамен 5 мың адамда (6%) бас және мойын тамырларының стенозы анықталды. Бұл – инсульттің негізгі қауіп белгілерінің бірі. Аталған патологияны дер кезінде анықтау ауыр асқынулардың алдын алуға, пациенттердің өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта пациенттердің 72,7%-ы ангиохирургтің консультациясын алған, бұл кадрлық әлеуетті одан әрі күшейту және мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыру қажеттігін көрсетеді.

Бағдарламаны іске қосу демографиялық және мінез-құлық факторларымен байланысты. Қазақстанда ерлер мен әйелдердің арасындағы өмір сүру ұзақтығының айырмасы 8 жылдан асады. Бұл көбінесе ерлер арасында қауіп факторларының – темекі шегу, төмен физикалық белсенділік және басқа да факторлардың жоғары таралуымен байланысты.

2026 жылғы қаңтардан бастап ер азаматтардың арасында цереброваскулярлық бұзылыстарды ерте анықтауға арналған зерттеу әр 2 жыл сайын жүйелі негізде жүргізілетінін еске сала кетейік.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде профилактикалық бағдарламаларды жаңғыртты.

Іске асырылып жатқан шаралар денсаулық сақтау жүйесінің профилактикалық бағытын күшейтуге, ауруларды ерте анықтауға және жүрек-қантамыр және цереброваскулярлық аурулардан болатын өлімді төмендетуге бағытталған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша емделген пациенттердің саны 8,3%-ға артып (49 мыңнан 53 мыңға дейін), тромболизис жүргізу үлесі 11%-ға өсті, инсульттен болатын өлім 4%-ға төмендеді, - деп жазылған министрлік хабарламасында. 

Қазіргі уақытта инсульттер қанайналым жүйесінің ауруларынан болатын жалпы өлім құрылымының 32%-ын құрайды.

Жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы екі айында қанайналым жүйесі ауруларынан болатын жалпы өлім 16,3%-ға төмендеді.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары