Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандағы наркологиялық орталықтарға кешенді тексеру жүргізетіндігін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ақмарал Әлназарова жүргізушілерді медициналық куәландыру кезінде жекелеген наркологиялық орталықтардың тарапынан жіберілетін заңбұзушылықтар мәселесі бойынша кеңес өткізді. Кеңес барысында азаматтардың өтініштері, депутаттық сауалдар және алкогольдік масаң күйді анықтау бойынша куәландыру жүргізу кезінде белгіленген рәсімдердің сақталмауына қатысты анықталған деректер қаралды.
Министр Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне қолданыстағы стандарттар мен медициналық куәландыру жүргізу тәртібінің сақталуын тексеру мақсатында барлық өңірлік наркологиялық орталықтарға кешенді тексеру жүргізуді тапсырды.
Ведомство басшысы заңбұзушылықтар анықталған жағдайда материалдар қолданыстағы заңнаманың шеңберінде процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілетінін атап өтті.