Malim.kz
Қоғам

Еліміздің алғашқы бас мүфтиі өмірден өтті

Арман Қайыпхан
Фото: әлеуметтік желі

Қазақстанның тұңғыш бас муфтиі, көрнекті дінтанушы ғалым Рәтбек қажы Нысанбайұлы 86 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл қайғылы хабарды жазушы, дінтанушы Бейбіт Сапаралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Ережеп айының соңғы жұма күнінде, миғраж кеші өткен соң Қазақ Елінің тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұңғыш бас мүптиі, ҚМДБ-ның ең алғашқы төрағасы Рәтбек қажы Нысанбайұлының (1940-2026) бұл пәни жалғандағы соңғы демі үзіліп, раббысына қайтыпты», - деп жазды Бейбіт Сапаралы.

Рәтбек қажы Нысанбайұлы 1940 жылы 14 қарашада Түркістан облысының Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Ол – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын алғаш басқарған тұлға, белгілі ғалым әрі дін қайраткері. Сондай-ақ Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының құрметті профессоры атанған.

Ол 1975 жылы Ливиядағы университетті үздік бітірген. Рәтбек қажы жеті тілді, соның ішінде араб, ағылшын және неміс тілдерін еркін меңгерген білікті маман еді. ҚМДБ төрағасы қызметіне келген соң, діни сауаттылықты арттыруға және ағартушылық ісіне ерекше көңіл бөлді.

Оның басшылығымен Түркия мен Мысырда 600-ге жуық имам білім алып, елге оралды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары