2025 жылы Астана қаласында ауқымды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жыл қорытындысы бойынша елордада 170 аула мен қоғамдық кеңістік – саябақтар, гүлзарлар мен желекжолдар жаңартылып, қала аумағына 1,1 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, абаттандыру жұмыстары қаланың барлық ауданын қамтыды. Соның ішінде Ататүрік атындағы саябақтың жағалауы тас жағалау технологиясымен жаңартылып, аумақтың қауіпсіздігі мен эстетикалық келбеті жақсартылды. Ал Бейбітшілік пен келісім саябағында «Өмір ағашы» монументінің күмбезін қоса алғанда, бірегей арт-инсталляциялар орнатылды.
Қаланың бірқатар көшелері де бірыңғай сәулеттік стильде абаттандырылды. Атап айтқанда, Мәмбетов көшесі, «Тұлпар» сауда үйінің алдындағы сквер, сондай-ақ Мәңгілік Ел, Абай, Нәжімеденов және Түркістан даңғылдары бойында көркейту жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар аясында кедергісіз орта қалыптастыруға басымдық беріліп, жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіз әрі ыңғайлы тротуарлар мен өткелдер салынуда.
Сонымен қатар Триатлон паркі маңындағы жағалау да қайта жаңғыртылуда. Мұнда серуендеуге арналған жаңа аймақтар, спорт алаңдары ашылып, ірі ағаштар отырғызылуда.
Брифинг барысында әкім GreenLine жаяу жүргіншілер желекжолының іске асырылу барысына да тоқталды. Ұзындығы 3 шақырымнан асатын бұл желекжол Төле би көшесінен Айтматов көшесіне дейін созылады. Жобаның бірінші кезеңі – Әнет баба көшесінен Күлтегін көшесіне дейінгі аумақ толық аяқталған. Мұнда тоғандар жүйесі жасалып, ірі ағаштар отырғызылып, ойын және спорт алаңдары абаттандырылған.
Бұдан бөлек, Жүргенов көшесі жаңартылып, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Сарайшық ауданында «Жұмысшы мамандықтар аллеясы» салынды. Аллеяда балалар ойын алаңдары, жаттығу құрылғылары орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ғимарат қасбетіне жұмысшы мамандық иелеріне арналған мурал салынды.
Ал Алматы ауданындағы Күйшілер аллеясы толықтай қайта жаңғыртылып, жалпы аумағы 25 мың шаршы метрді қамтыды. Мұнда ойын және воркаут аймақтары жасалып, орындықтар орнатылып, заманауи суару жүйесі мен автотұрақ кеңейтілді.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2026 жылдан бастап «Мыңжылдық аллеясы» жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бұл – көлік қозғалысынан тыс, серуендеуге, спортпен айналысуға және демалуға арналған ұзындығы 4 шақырым болатын желілік саябақ. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады және «Нұрлы жол» вокзалы маңындағы жаңа қоғамдық кеңістікті қамтиды.
Мыңжылдық аллеясы болашақта елорданың негізгі жасыл белдеуніе айналып, қаланың бірнеше ауданын өзара байланыстыратын, экологиялық әрі жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруды көздейді.