Malim.kz
Қоғам

Елордада суррогат алкогольдің жасырын өндірісі әшкереленді

Ереке Базарқұл
© Видеодан скриншот

Астанада азаматтық бақылау аясында суррогат алкоголь өнімдерін сатқан сауда нүктесі анықталды. Тексеру жұмыстарын «Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігінің «Абырой» жасағы жүргізген.

Іс-шара барысында елордадағы «Гүлсара» дүкенінде 1 280 литр заңсыз алкоголь өнімдері табылды. Түсірілген бейнематериалдарда дүкен иесінің суррогат алкогольді өз бетімен, самогон аппараты арқылы дайындап, кейін көтерме түрде сатумен айналысқанын мойындағаны көрінеді.

Анықталған факті бойынша оқиға орнына құзырлы мемлекеттік органдар мен арнайы жедел топ шақырылып, заңсыз өнімдер тәркіленді. Жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті органдарға жолданды.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда суррогат алкогольді тұтыну салдарынан күн сайын кемінде бір адам қаза табады. Мамандар мұндай заңсыз қызметтің адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, қоғам үшін ауыр салдарға әкелетінін атап өтуде.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары