Malim.kz
Қоғам

Елордалықтар «Астана – есірткісіз қала» атты ауқымды акцияға қатысты

Айбын Атабай
Астана әкімдігі

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде бүгінгі уақыттың кеселі болып тұрған есірткіні таратпау, тамырына балта шабу бойынша бірқатар күрес шаралары ұдайы өткізілуде.

Жақында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында  ауқымды акция ұйымдастырылды. «Астана – есірткісіз қала» атты шара есірткімен  күреске бағытталған айлықтың қорытындысы болып табылды.  

Қалалық Полиция департаменті мен елорда әкімдігі бірлесіп өткізген ауқымды акция Орталық саябақтағы Амфитеатрда ұйымдастырылды. Ортақ бастамаға үш мыңнан астам қала тұрғыны мен қонағы қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттап, есірткі қылмысының алдын алу болды.

Акция аясында қазақстандық танымал өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сахнада Қайрат Нұртас, BAYTEREK TOBY, KOBA, Амантай Әбен, этно-топ және Мөлдір Мұқан өнер көрсетті. Өнер иелері жастарды зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға, спортпен шұғылдануға, шығармашылықпен айналысуға және белсенді өмір салтын ұстануға шақырып, есірткіге қарсы бастаманы қолдады.

Шараға Астана қаласы Полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері де қатысты. Белгілі спортшылар, қоғам қайраткерлері мен медиа өкілдері жиналған қауыммен жүздесіп, денсаулық пен қауіпсіздікке жауапкершілікпен қараудың маңызын насихаттады.

Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ерекше маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әлия Қибатқызының айтуынша, мұндай акциялар жастардың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастырып, салауатты өмір салтын дәріптеуге әрі қоғамды есірткі қаупіне қарсы күреске жұмылдыруға ықпал етеді.

Ол сондай-ақ Астана қаласының Полиция департаменті жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алу, есірткіге қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмысты тұрақты түрде жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы профилактикалық және жедел іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары