Елімізде еңбек қатынастарына қатысты бірқатар жаңа талап күшіне енді. Бұдан былай жұмыс берушілер азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жағдайда оның нақты себебін жазбаша түрде түсіндіруге міндетті. Бұл талап еңбек нарығындағы ашықтықты арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, жұмыскердің ар-намысы, қадір-қасиеті және жеке өміріне қол сұқпау құқығы алғаш рет заң деңгейінде нақты бекітілді. Сонымен қатар жұмыс берушілер қызметкерлерге қатысты психологиялық қысым көрсетуге, қорлауға немесе жеке өміріне заңсыз араласуға жол бермеуі тиіс.
Заңнамадағы жаңашылдықтар мұнымен шектелмейді. Жаңартылған нормаларда:
- мерзімді еңбек шартын тоқтату тәртібі нақтыланды;
- материалдық жауапкершілігі бар қызметкерлерді жұмыстан босату рәсімі қайта қаралды;
- тәртіптік жаза қолдану талаптары өзгертілді;
міндетті медициналық тексерулерді ұйымдастыру тәртібі жаңартылды;
еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы талаптар күшейтілді.
Аталған түзетулер Қазақстан Республикасының «Қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңымен енгізілген.
Жаңа нормалар еңбек дауларын азайтуға, жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуге және қызметкерлердің құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған.