Malim.kz
Қоғам

Еңбек кодексіне өзгеріс: Әріптесін алмастырған қызметкерге енді ақы төленеді

Арман Қайыпхан
Фото: pixabay

Қазақстанда еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді уақытша жұмыста жоқ әріптесінің міндетін атқарған қызметкерге қосымша ақы төлеуден бас тартуға мүмкіндік беретін норма алынып тасталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек кодексінің 111-бабына түзетулер енгізді. Бұған дейін бұл бапта қызметкердің лауазымдық міндетіне уақытша жоқ әріптесін алмастыру кіретін болса, оған қосымша ақы төленбейтіні көрсетілген еді.

Жаңа өзгеріске сәйкес, бұл норма күшін жойды. Енді жұмыс берушілер қызметкерге уақытша жоқ әріптесінің жұмысын атқарғаны үшін ақы төлемеуді заңды түрде негіздей алмайды.

Сонымен қатар, Еңбек кодексінде мұндай қосымша төлемнің ең төменгі мөлшері белгіленбеген.

Құжатқа сәйкес, лауазымдарды қоса атқарғаны, қызмет көрсету аймағы кеңейгені немесе уақытша жұмыста жоқ қызметкердің міндетін орындағаны үшін төленетін қосымша ақы көлемі жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісімі негізінде, орындалған жұмыс көлеміне қарай айқындалады.

Яғни, қосымша жұмысты ақысыз атқарту енді мүмкін емес. Алайда төлемнің нақты мөлшерін тараптар өзара келісіп белгілейді.

Сарапшылар қазақстандықтарға еңбек шартында көрсетілген жалақыға да мұқият қарауға кеңес береді. Бұған дейін елдегі жұмыс берушілердің жартысынан көбі қызметкерлеріне ең төменгі жалақыны ресми рәсімдеп, қалған бөлігін бейресми түрде төлейтіні белгілі болған еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары