Malim.kz
Қоғам

Еңбек министрлігі: 1,4 млн қазақстандықтың табысы 85 мың теңгеден аспайды

Айбын Атабай
Gov.kz

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшерінде немесе одан төмен табыс алатын азаматтардың саны шамамен 1,4 миллион адам бар. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті , деп хабарлады BAQ.KZ. Айта кетейік, елде ең төменгі жалақы – 85 мың теңге. 

Ең төменгі жалақы алатындар қай өңірлерде көп?

Министрліктің дерегінше, ең төменгі жалақы алушылардың ең жоғары үлесі Алматы, Астана және Шымкент қалаларында тіркелген. Сонымен қатар Алматы және Қарағанды облыстары да осы көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда тұр.

Ведомство мұны бұл өңірлердегі халық санының көптігімен және экономикалық белсенді тұрғындардың жоғары үлесімен байланыстырады.

Қай салаларда төмен жалақы алатындар басым?

Министрлік мәліметіне сәйкес, ең төменгі жалақы алатын қызметкерлер негізінен ауыл шаруашылығы, өңдеуші өнеркәсіп, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда салаларында шоғырланған.

Бұл салаларда еңбек ететін азаматтардың едәуір бөлігі ең төменгі жалақы деңгейінде немесе одан төмен табыс табады.

Төмен жалақы алатындардың 38 пайызы – жастар

Әлеуметтік-демографиялық құрылым бойынша ең төменгі жалақы алушылардың 38 пайызы жастар.

Гендерлік бөліністе әйелдердің үлесі жоғары. Ең төменгі жалақы деңгейінде немесе одан төмен табыс алатындардың 51,5 пайызы әйелдер болса, ерлердің үлесі 48,5 пайызды құрайды.

Министрлік кейбір жағдайда азаматтардың табысы ең төменгі жалақы мөлшерінен төмен болуы мүмкін екенін түсіндірді. Бұған толық емес жұмыс күні, айдың толық жұмыс істелмеуі немесе еңбек жүктемесінің ерекшеліктері себеп болуы ықтимал.

Ведомствоның мәліметінше, ең төменгі жалақы – мемлекет белгілеген әлеуметтік стандарт және еңбекақының кепілдендірілген ең төменгі мөлшері болып саналады.

Ал нақты табыс көлемі қызметкердің біліктілігіне, кәсіби дағдыларына, еңбек өтіліне және атқаратын жұмысының күрделілігіне байланысты қалыптасады.

Ең төменгі жалақы қашан көтерілуі мүмкін?

Министрлік қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандардың табысы ең төменгі жалақы деңгейінен әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.

Осыған байланысты негізгі басымдық ретінде азаматтардың кәсіби біліктілігін арттыру, сапалы жұмыс орындарын құру және экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету белгіленген.

Сондай-ақ 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында 2027–2028 жылдары ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру мәселесін қарау көзделген.

Министрлік бұл шешім қабылданар алдында оның экономикаға, инфляцияға, бюджетке және еңбек нарығына әсері жан-жақты сарапталатынын мәлімдеді.

Үкімет қандай шараларды қолға алмақ?

Ведомствоның хабарлауынша, жекеменшік сектордағы жалақы көлемі еңбек шарттары мен әлеуметтік әріптестік тетіктері арқылы реттеледі. Ұжымдық шарттар аясында жалақыны қайта қарау, индекстеу және қосымша әлеуметтік кепілдіктер енгізу мүмкіндігі қарастырылған.

Қазіргі уақытта халық табысын арттыруға бағытталған 2026–2029 жылдарға арналған бағдарламаны жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі ең төменгі жалақы мөлшерін медианалық жалақының 50 пайызы деңгейіне дейін жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатқаны хабарланған болатын. Егер бұл ұсыныс жүзеге асса, бүгінде 85 мың теңгені құрайтын ең төменгі жалақы алдағы жылдары 150 мың теңгеге дейін өсуі ықтимал.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары