Malim.kz
Қоғам

Еңбек нарығы: субсидиялардың көмегі айтарлықтай болып отыр

Ереке Базарқұл
©egov.kz

2026 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша, мемлекет тарапынан ұсынылған жұмыспен қамтудың белсенді шаралары 46,9 мыңнан астам адамды қамтып, нәтижесінде 39,9 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды.

Бұл бағыттағы жұмыстардың маңызды бөлігі субсидияланатын жұмыс орындарына тиесілі болып отыр. Атап айтқанда, 20,3 мың адам осындай орындарға жіберілсе, оның ішінде 16,5 мың азамат қоғамдық жұмыстарға, 1,6 мыңы әлеуметтік жұмыс орындарына, 1,2 мыңы «Күміс жас» жобасына және 894 жас маман жастар практикасына тартылды. Бұған қоса, 19,6 мың адам Электрондық еңбек биржасындағы бос жұмыс орындары арқылы өз ісін тапты. Айта кететін жайт, азаматтардың жұмысқа орналасуының нақтылығы міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталады.

Сонымен қатар, еңбек нарығындағы сұранысқа ие дағдыларды дамыту және кәсіпкерлікті қолдау шаралары да қарқынды жүргізілуде. Мәселен, 13,2 мың жұмыссыз азамат онлайн оқытумен қамтылып, оның 9,8 мыңы арнайы сертификаттар алды. Кәсіпкерлік негіздерін үйрететін «Бастау Бизнес» жобасына 6,9 мың адам қатысып, оның 2,7 мыңы оқуды сәтті аяқтады. Алдағы уақытта тағы 10 мың адамды кәсіптік оқытуға жіберу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға жаңа бизнес-бастамаларын іске асыру үшін 400 АЕК-ке дейін, яғни 1 730 000 теңге көлемінде 9 мың грант беру жоспарланған.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары