Malim.kz
Әлем

Энди Бёрнем Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі болды

Арман Қайыпхан
Фото: dpa

Энди Бёрнем ресми түрде Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі қызметіне кірісті. Бұл туралы Букингем сарайы король мен жаңа үкімет басшысының дәстүрлі кездесуінен кейін жариялаған фотосурет арқылы мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бёрнем 2016 жылдан бері Ұлыбританияны басқарған жетінші премьер-министр атанды. Ол билеуші Лейбористік партияның жетекшісі қызметінде Кир Стармердің орнын басты. Стармер маусым айында бірқатар саяси қателіктерден кейін қоғам мен партия ішіндегі қолдауын жоғалтып, қызметінен кететінін мәлімдеген болатын.

Энди Бёрнем партия көшбасшысы лауазымына ұсынылған жалғыз кандидат болды. Оны Қауымдар палатасындағы 403 лейборист депутаттың 379-ы қолдады. Жаңа премьер-министр халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға уәде беріп, алдағы уақытта министрлер кабинетінде кадрлық өзгерістер жүргізетіні күтілуде.

Манчестер қаласының мэрі қызметін тоғыз жыл атқарған Бёрнем «Солтүстіктің королі» деген бейресми лақап атқа ие болған. Оның басшылығы кезінде өңір экономикасы елдегі орташа көрсеткіштен жылдам өсіп, қалалық аудандардағы кедейлік деңгейі төмендеген.

Лейбористік партия Бёрнемнің оңшыл-популистік Reform UK партиясы мен оның жетекшісі Найджел Фарадждың ықпалының артуын тежеуге ықпал етеді деп үміттенеді.

Бұған дейін The Times басылымына жарияланған мақаласында Энди Бёрнем Ұлыбританияның халықаралық аренадағы жетекші рөлін сақтауға және қазіргі одақтастық байланыстарды нығайтуға ниетті екенін мәлімдеген.

Оның айтуынша, Ұлыбританияның қауіпсіздігі Украина қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Сондықтан Украина президенті Владимир Зеленский Бёрнем үкіметі тарапынан да бұрынғыдай қолдауға ие болады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары