Malim.kz
Әлем

Енді күйеуіне айтпай, төркініне кетіп қалғандар жазаланады: Тіпті түрмеге тоғытылады

Мадияр Қапанбек
Arasha.kz коллажы / ЖИ

Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы билікке келгеннен кейін қабылданған жаңа Қылмыстық кодекс ресми түрде күшіне енді. Алайда құжат халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен бірқатар мемлекеттердің қатаң сынына ұшырады, деп хабарлайды Malim.kz.

Сарапшылардың айтуынша, кодекстегі кейбір баптар әйелдер мен балалардың негізгі құқықтарын шектеп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілікті әлсіретеді. Құқық қорғаушылар жаза мөлшерінің теңгерімсіздігіне назар аударып отыр. Олардың пікірінше, әйелге дене жарақатын салғаны үшін көзделген жаза кейбір өзге құқықбұзушылықтармен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл болуы мүмкін.

Даулы нормалар

Қоғамда ерекше талқыланған баптардың бірі – ерлі-зайыптылар арасындағы зорлыққа қатысты 32-бап. Онда "әдепсіз күш қолдану" нәтижесінде әйеліне "көзге көрінетін жарақат немесе көгеру" салған ер адам 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін екені көрсетілген. Бірақ бұл шара тек жәбірленуші сотта зорлық фактісін дәлелдей алған жағдайда ғана қолданылады.

Сонымен қатар 34-бапта күйеуінің рұқсатынсыз төркініне кеткен әйелге және оны қайтарудан бас тартқан туыстарына үш айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Мамандардың бағалауынша, жаңа кодекс жеке құқықтардан гөрі әлеуметтік бақылау мен патриархалдық ұстанымдарды алға қояды. Құжат әйелдердің жүріп-тұруын, әлеуметтік байланыстарын және отбасылық шешімдерін қатаң реттейді, ал зорлық-зомбылықтан қорғану тетіктері шектеулі күйінде қалып отыр.

Діннен бас тартуға қатысты санкциялар

Жаңа заңда ислам дінінен бас тартқандарға да ауыр жазалар белгіленген. 58-бапқа сәйкес, діннен «безген» әйелдер өмір бойына бас бостандығынан айырылып, тәубесіне келгенге дейін әр үш күн сайын 10 дүре соғылуы мүмкін.

Ал ер адамдарға қатысты Ханафи мазхабы қағидалары негізінде үш күнге дейін тәубеге келу мерзімі беріледі. Осы уақыттан кейін өлім жазасы қолданылуы ықтимал.

Құқық қорғаушылар бұл ережелерді гендерлік теңсіздік пен заң алдындағы тең құқық принципінің бұзылуы деп бағалап отыр.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары