Malim.kz
Қоғам

Енді ресми ұйымдар қоңырау шалғанда атауы автоматты түрде көрсетіледі

Айбын Атабай
Фото: magnific.com

Қазақстандықтарға енді қоңырау шалған ресми ұйымдардың атауы экранда көрсетіледі. Бұл туралы malim.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. Stan.kz сайтына сілтеме жасап. 

Елімізде банктер, тұтынушыларды қолдау қызметтері және өзге де ұйымдардан келетін қоңырауларды міндетті түрде таңбалау жүйесі енгізілуде. Соның нәтижесінде азаматтар телефонға хабарласқан ұйымның атауын бірден көре алады.

“Абоненттерге заңды және жалған қоңырауларды ажыратуға көмектесу үшін ұялы телефон құрылғыларында қоңырауларды белгілеу енгізілді. Банктерден, қызмет көрсетушілерден және басқа да ұйымдардан келетін заңды қоңыраулар телефон экранында көрсетіледі”, – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің орынбасары Досжан Мұсалиев.

Бұл ережелер келесі айдың соңында байланыс желілерін қорғауға және алаяқтықпен күресуге бағытталған басқа да заңнамалық түзетулермен бірге күшіне енеді. Дегенмен министрлік тек техникалық шешімдер жеткіліксіз дейді. Қылмыскерлер адамдарды алдаудың жаңа схемаларын үнемі жасап жатқандықтан, халықтың цифрлық сауаттылығын арттырып отыру қажет.

Сонымен қатар министрлік ұялы байланыс операторларының қызметтеріне ақылы жазылымдар мәселесін шешті. Бұрын абоненттер бір түймені қате басу арқылы ақылы қызметке "келісетін" еді, бірақ қазір бәрі өзгереді. Операторлар ақылы қызметтерді тек пайдаланушы SMS немесе телефон қоңырауы арқылы келісімін растағаннан кейін ұсынуы тиіс. 

"Бұл мәселелер қоғам тарапынан кеңінен көтерілді. Біреуге қоңырау шалып, кейін абонент қолжетімді болған кезде тоқтаусыз "маяк" арқылы ақпарат беретін. Тіпті түнде де қоңырау келе берді. Енді бұлай болмайды. Оның орнына тек хабарламалар болады", – деді Досжан Мұсалиев.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары