Malim.kz
Әлем

Эпштейннің жақын танысы, саясаткер Мандельсон тұтқындалды

Айбын Атабай
BBC

Британ полициясы америкалық қаржыгер әрі кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасағаны үшін сотталған Джеффри Эпштейнмен дос болған танымал британдық лейборист саясаткер, лорд Питер Мандельсонды тұтқындады. Мандельсон министр қызметін атқарып жүрген кезінде Эпштейнге құпия қаржылық ақпарат берген деген күдікке ілінді.

Лондон полициясы дәстүр бойынша тұтқындалған адамның атын атамады, алайда баспасөз өкілдері лорд Мандельсонды Лондонның Кэмден ауданындағы үйінен полиция қызметкерлері алып шығып, көлікке отырғызған сәтті видеоға түсірген.

«Полиция қызметкерлері 72 жастағы ер адамды мемлекеттік қызметтегі теріс қылық жасады деген күдікпен тұтқындады. Ол 23 ақпанда Кэмдендегі мекенжайда ұсталып, сұхбат алу үшін Лондондағы полиция бөлімшесіне жеткізілді. Тұтқындауға дейін Уилтшир графтығындағы және Кэмдендегі екі мекенжайда тінту жүргізілді», — делінген полиция мәлімдемесінде.

Бұл тінтулер 6 ақпанда жүргізілген.

Полиция әзірге Мандельсонға нақты айып тағылғаны туралы мәлімдеген жоқ.

BBC дереккөздерінің айтуынша, Мандельсонды Лондон полициясының мамандандырылған бөлімшесінің қызметкерлері тұтқындаған. Метрополитен полициясының комиссары сэр Марк Роули тұтқындау туралы шешім қабылдауға қатыспаған. Бұл іс бойынша полиция мен Корольдік прокурорлық қызмет арасындағы консультациялар әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлады дереккөздер.

АҚШ Әділет министрлігі қаңтар айының соңында жариялаған Джеффри Эпштейн ісіне қатысты соңғы құжаттар топтамасынан Питер Мандельсонның Эпштейн алғашқы үкімін алғаннан кейін де онымен достық қарым-қатынасты жалғастырғаны белгілі болды.

Полиция Мандельсонға қатысты тергеуді оның Эпштейнмен жазысқан хаттарында құпия үкіметтік ақпаратты жіберуі мүмкін деген күдікке байланысты бастаған. Сонымен қатар жарияланған электрондық хаттар мен банктік құжаттардан 2003–2004 жылдары Эпштейннің жалпы сомасы 75 мың доллар болатын үш аударым жасағаны, төлем құжаттарында Мандельсонның аты көрсетілгені белгілі болды. Ал 2009 жылы ол Мандельсонның серіктесінің шотына 10 мың фунт стерлинг (сол кездегі бағам бойынша шамамен 16,3 мың доллар) аударған. Мандельсон мұндай аударымдарды есіне түсіре алмайтынын және құжаттардың түпнұсқалығына күмән келтіретінін мәлімдеген.

Мандельсон бұған дейін ешқандай қылмыстық әрекет жасамағанын және қаржылық пайда көрмегенін айтқан.

Питер Мандельсон 1980-жылдардың ортасынан бастап Ұлыбританияның Лейбористік партиясындағы ықпалды тұлға болды. Ол 1997–2010 жылдары Тони Блэр мен Гордон Браун үкіметтерінде түрлі министрлік қызметтер атқарды, сондай-ақ 2004–2008 жылдары Ұлыбритания атынан Еурокомиссия мүшесі болды. Лордтың өмір бойғы (мұрагерлікке берілмейтін) титулы оған 2008 жылы Гордон Браун үкіметінің ұсынысымен берілді.

2024 жылдың желтоқсанында, Дональд Трамптың Ақ үйге қайта оралуына аз уақыт қалғанда, қазіргі лейбористік үкімет басшысы Кир Стармер Питер Мандельсонды АҚШ-тағы елші етіп тағайындаған. Алайда қыркүйек айында Эпштейнмен достығына қатысты жаңа айғақтардың жариялануына байланысты Мандельсон елші қызметінен босатылды.

Ақпан айының басында лорд Мандельсон Лейбористік партия қатарынан, кейін Палата лордтарынан шықты.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары