АҚШ Әділет министрлігі өткен жұмада Деффри Эпштейннің ісіне қатысты мыңдаған парақ құжат жариялады.
Джеффри Эпштейн - педофилия бойынша айыпталып, түрмеде қаза болған қаржыгер. Ол тірі кезінде АҚШ-тың және әлемнің билік және ықпалды адамдарымен тығыз қатынаста болып, өзі қожалық ететін аралда оларға арналған VIP-кештер ұйымдастырды деген мәлімет тараған болатын. Ол кештерде жезөкшеліктен бастап, есірткі қолдануға дейінгі әрекеттер болды деген күдік бар.
Әділет министрлігі ол құжаттарды Конгресс талабы бойынша бір айдың ішінде жариялауы тиіс болатын. Құжат жарияланған кезде сайтқа кірушілердің көп болғаны сондай, министрлік қолданушыларды электрон кезекке қоюға мәжбүр болыпты. Дәл сол уақытта, көптеген қолданушыға "сіздің кезектегі орныңыз жойылды" деген хабарлама барып, кезекке жаңадан тұруға ұсыныс түскен.
АҚШ Бас Прокурорының (Әділет министрінің) орынбасары Тодд Бланш Fox News арнасына берген сұхбатында - министрлік әуелде бірден бірнеше жүз мың парақ файл жариялайтынын, ал әрі қарай екі аптаның ішінде - тағы бірнеше жүз мың құжат жүктейтінін айтыпты.
Reuters-тің ақпаратынша, қазір 300 мың парақ құжат жарық көрген.
Айта кету керек, министрлік барлық құжатты жариялай отырып, педофилия және де басқа да әрекет құрбандарына қатысты тұстарын жасыруы мүмкін екенін ескерткен болатын.
Қазір жарияланған файлдарда АҚШ-тың аты әлемге әйгілі кәсіпкерлері, саяясаткерлері, медиа және шоубиз жұлдыздары табылып отыр. Сонымен бірге, Трамптың жеке өзіне қатысты бірнеше файлдар жарияланбайтын болды деген сыбыс тарады.