Malim.kz
Оқиға

Ерлан Қарин: Қазақстан тарихының 6-томы баспаға жіберіледі

Сабина Асқарқызы
Ерлан Қариннің желідегі парақшасынан

Алматыда Қазақстан тарихының жеті томдығын әзірлеу бойынша редакция алқасының кезекті отырысы өтіп, бұл жолы 6-томның қолжазбасы қаралды, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин желіде жазба жариялады. Оның сөзінше, кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихына арналған жинақ бұған дейінгі отырыста да талқылағаны белгілі. Алайда рецензенттер мен редакциялық алқа мүшелері тарапынан айтылған ескертулерге байланысты қайта өңдеуге жіберілген болатын.

Бүгін 6-томның жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева айтылған ескертулер бойынша қандай жұмыс жүргізілгені жөнінде баяндама жасап, есеп берді. Оның айтуынша, қосымша редакциялық жұмыс барысында 120-дан астам ескерту мен ұсыныс назарға алынған. Жалпы, алтыншы том 7 бөлімнен, 19 тараудан және 126 параграфтан тұрады. Авторлар ұжымының құрамына 70-тен астам ғалым мен зерттеуші енген. Сонымен қатар, жиында 6-томға қатысты тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның, әлеуметтану ғылымдарының докторы, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасованың, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саяси ғылымдарының кандидаты Андрей Чеботаревтің рецензиялары тыңдалды, - деп жазды Ерлан Қарин. 

Сондай-ақ, ол редакция алқасының Мәмбет Қойгелдиев, Кенжехан Матыжанов, Дихан Қамзабекұлы, Нұрсан Әлімбай, Еркін Әбіл, Ханкелді Әбжанов секілді мүшелері өз ой-пікірлерін ортаға салғанын атап өтті. 

Отырыс қорытындысы бойынша алтыншы томның қолжазбасы бекітіліп, баспаға дайындау туралы шешім қабылдады. Келесі отырыста академиялық басылымның Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне арналған жетінші томы қарастырылады, - деді Ерлан Қарин. 

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары