Malim.kz
Қоғам

"Ертең үйленуі мүмкін": Баян Алагөзова күйеуінің бұрынғы әйелі туралы шындықты айтты

Мадияр Қапанбек
Тұрсын Алагөзов пен Баян Алагөзова. Фото: ашық дереккөзден (Фото ЖИ арқылы өңделді)

Продюсер Баян Алагөзова журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында жұбайы Тұрсын Алагөзовтің бұрынғы әйелімен қарым-қатынасы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Журналист одан Тұрсынның бірінші жарымен бір дастархан басында отыруы мүмкін бе деп сұраған. Баян Алагөзова мұндай жағдайға қарсы емес екенін айтып, арада балалар бар кезде олардың көңілі мен мүддесін бірінші орынға қойған дұрыс деп санайтынын жеткізді.

"Ешқашан "ешқашан" деме дейді ғой. Егер адамдар ажырасқанда айғай-шусыз, дүние бөліспей, ұрыс-керіссіз, төбелессіз, бір-біріне қастық жасамай, мәдениетті түрде айырылыса алса, бәрі әлдеқайда жақсы болар еді. Сондықтан мен ештеңені жоққа шығармаймын. Ол – мен араласатын балалардың анасы. Мен бұған қарсы емеспін", – деді продюсер.

Баян Алагөзова Тұрсен Алагөзовтің ұлы Арсен болашақта үйленсе, оның тойына жұбайымен бірге отбасы мүшесі ретінде барғысы келетінін де айтты. Оның сөзінше, мұндай маңызды күнде баланың анасы да, әкесі де, отбасының басқа мүшелері де бір-бірімен қалыпты әрі мәдениетті қарым-қатынаста болғаны дұрыс.

Продюсер дәл осындай ұстанымды Айарудың болашақ тойына қатысты да білдірді. Ол балалар ата-анасының арасындағы бұрынғы келіспеушіліктер үшін өзін кінәлі сезінбеуі керек екенін атап өтті.

"Балалардың әкесіне немесе анасына барған сайын ақталып, өзін кінәлі сезінгенін қаламаймын. Өткен – сағым. Барлық өкпе-ренішімді, көрген қиындығымды жіберемін. Мен тек бейбітшілік пен татулықты қолдаймын. Сондықтан есігіміз ашық", – деді Баян Алагөзова.

Сөз соңында продюсер өткендегі реніштерді артта қалдырып, балалардың болашағы үшін татулық пен түсіністікті таңдауға дайын екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, Тұрсын Алагөзовтің ұлы Арсен Алагөзов журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында әкесімен арадағы қарым-қатынасы, ұзақ жылға созылған үзіліс және қазіргі қызметі туралы айтқан еді.

Баян Алагөзова туралы не белгілі?

Баян Алагөзова – Қазақстанның шоу-бизнес және медиа саласында кеңінен танылған продюсер, актриса және тележүргізуші. Ол 1974 жылдың 9 қаңтарында Орал қаласында дүниеге келген.

Өнерге бала кезінен қызығушылық танытқан Баян Алагөзова көпшілікке алғаш 1993 жылы жарық көрген "Махаббат бекеті" фильмі арқылы таныла бастады. Бұл туынды оның шығармашылық жолындағы маңызды жобалардың біріне айналды.

Кейін ол телевизия саласында еңбек етіп, бірқатар бағдарламаны жүргізді. Осылайша көрерменге тележүргізуші ретінде де танылды.

2006 жылдан бастап Баян Алагөзова продюсерлік қызметке белсенді кірісті. Оның ең белгілі жобаларының бірі – КешYOU тобы. Кейін бұл ұжым қазақстандық эстрададағы танымал қыздар топтарының біріне айналды.

Продюсер әр жылдары Жанар Дұғалова, Ерке Есмахан және басқа да өнер өкілдерімен жұмыс істеп, олардың шығармашылық жобаларына атсалысты.

Баян Алагөзова кино мен тележобаларда актриса ретінде де көрінді. Ол продюсерлік, телевизия және кино салаларын қатар алып жүріп, өзін бірнеше бағытта таныта білді.

Бүгінде Баян Алагөзова қазақстандық шоу-бизнес пен медиа кеңістігіндегі танымал тұлғалардың бірі ретінде шығармашылық қызметін жалғастырып келеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары