Malim.kz
Тұлға-таным

"Ешкімді әуреге салмай, ұйықтап кетсем арманым жоқ" – Асанәлі Әшімовтің ақырғы тілегі (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Ertenmedia коллажы

Белгілі ақын Бақыт Беделхан қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімов жайлы жүрекжарды пікірін білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Ақынның айтуынша, Асанәлі Әшімовтің қазасы бүкіл қазақ халқы үшін орны толмас ауыр қайғы.

"Тау құлап, бәйтерек сынып түскендей күй кешіп отырмыз. Аспан аласарып, қалың қазақтың қабырғасы қайысып, көз жасы төгілді. Жоқтан бар жасайтын – Құдай, ал өлгенді тірілтетін – өнер. Сол өнерді қайта тірілтіп, оны биікке көтеріп, бүкіл Алаштың батасын алған Асанәлі аға ақыры өзі абызға айналды. Ол қазақ өнерінің рухын, қасиетін, бар болмысын әлемге танытты", – деді Бақыт Беделхан.

Сондай-ақ ақын марқұмның көзі тірісінде айтқан тағылымға толы сөздерін де еске алды.

"Асанәлі ағам: "Ұлылардың бәрі түсіме кіреді, сағынамын. Бұл дүниедегі қатарым азайып, о дүниедегі достарым көбейді" деп жиі айтатын. Тағы бірде: "Ешкімді әуреге салмай, өзім де қиналмай, ұйықтап кетсем арманым жоқ" дейтін. Сол арманына жетті. Қазақ мұны "ақ өлім" дейді. Бүкіл халықтың алақанында тұрып, ақ өліммен кету – үлкен бақыт. Асекеңнің өмірі – өнеге, тағдыры – тағылым, ғұмыры – ғибрат", – деді ол.

Асанәлі Әшімов (1937 жылғы 8 мамыр, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылы) – кеңестік және қазақстандық театр мен кино өнерінің көрнекті өкілі, актер, режиссер, театр педагогы, профессор. Ол – Қазақ КСР халық әртісі (1976), КСРО халық әртісі (1980), Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының (1973) және КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1974) лауреаты. Сонымен қатар Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі болды. 2017 жылы Асанәлі Әшімовке "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді.

Асанәлі Әшімов Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында ондаған ірі образды сомдады. Оның жарқын рөлдерінің қатарында:

М. Әуезовтің "Абай" пьесасындағы Керім, "Еңлік-Кебек" трагедиясындағы Кебек, "Қара қыпшақ Қобыландыдағы" Айшуақ, "Таңғы жаңғырықтағы" Жарасбай, Ғ. Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы" Қодар, Қ. Мұхамеджанов пен Ш. Айтматовтың "Көктөбедегі кездесуіндегі" Иосиф Татаевич, У. Шекспирдің "Юлий Цезаріндегі" Юлий Цезарь, М. Фриштің "Дон Жуанның думанындағы" Дон Жуан, Ә. Нұрпейісовтің "Қан мен теріндегі" Еламан, И. Вовнянконың "Апатындағы" басты кейіпкер бар.

Ал қара шаңырақ сахнасындағы соңғы күрделі жұмыстарының бірі – Герхарт Гауптманның "Ымырттағы махаббат" драмасындағы доктор Клаузен бейнесі болды.

Асанәлі Әшімовтің сахнада сомдаған бейнелері мен қалдырған өнегелі ізі қазақ театр өнерінің алтын қорына айналды. Оның шығармашылық ғұмыры – ұлт руханиятына қызмет етудің биік үлгісі.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары