Германия Еуропалық одақ елдерін Ресей азаматтарына туристік виза беру тәртібін қатаңдатуға шақырды. Берлин бұл бастаманы Еуропадағы диверсия әрекеттеріне қатысты қауіптің күшеюімен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
The Guardian мәліметінше, мәселенің қайта көтерілуіне Лейпциг әуежайына дрондар мен жарылғыш заттарды пайдаланып шабуыл жасауға әрекеттенді деген күдікке ілінген адамның ісі себеп болды. Германия билігінің мәліметінше, Беларусь азаматы әрі Ресей паспорты бар күдікті Шенген аймағына Минскідегі Италия елшілігі берген туристік визамен кірген. Қауіпсіздік қызметтері оның Италияға бармаған болуы мүмкін екенін айтады.
Германия Сыртқы істер министрлігі Ресей азаматтарына берілетін туристік визалар санын тым көп деп есептейді. 2025 жылы Италия Шенген визаларын ең көп берген ЕО елдерінің бірі болды. Ал Италия, Франция және Испанияға ресейліктерден түскен визалық өтініштердің шамамен төрттен үш бөлігі тиесілі. Италияның Ресей азаматтарына берген визалары 2021 жылғы 63,8 мыңнан 2025 жылы 165 мыңнан астамға дейін өскен.
ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас та Ресей туристеріне қатысты визалық талаптарды күшейтуді қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ЕО елдерінің сыртқы істер министрлері арасында бұл мәселеге қатысты кең қолдау бар. Сонымен қатар Ресей армиясының қазіргі және бұрынғы әскери қызметшілеріне ЕО аумағына кіруге шектеу қою мәселесі де талқыланып жатыр.
Қазірдің өзінде Эстония, Финляндия, Латвия, Литва, Польша және Чехия Ресей азаматтарына виза беруге ұлттық деңгейде қатаң шектеулер енгізген. Алайда Еуроодақ бойынша ресейліктерге туристік визаларды толық тоқтату туралы ортақ шешім әзірге қабылданған жоқ.