Malim.kz
Әлем

Филиппинде мектепте атыс болып, екі оқушы қаза тапты

Айбын Атабай
Фото: The Nightly

Филиппиннің оңтүстігіндегі орта мектептердің бірінде қарулы шабуыл жасалып, екі оқушы қаза тапты. Қаза болғандардың бірі – шабуыл жасаған оқушы, деп хабарлайды Reuters-ке сілтеме жасаған Malim.kz.

Полицияның алдын ала мәліметінше, қарулы жасөспірім мектепке тапанша мен мылтық алып кіріп, сыныпта отырған оқушыларға оқ атқан.

Шабуылдан кейін 9-сыныпта оқитын күдікті өзіне-өзі қол жұмсаған. Полицияның хабарлауынша, оның құрбаны өзінен бір сынып жоғары білім алған оқушы болған.

Бұл – Филиппинде соңғы екі айға жуық уақыт ішінде болған екінші мектептегі атыс оқиғасы.

Маусым айында елдің орталық бөлігіндегі орта мектепте қаруланған екі оқушы оқ жаудырып, үш оқушы қаза тапқан. Тағы 20 адам жарақат алған.

Филиппинде мектептегі атыстар сирек кездеседі. Бұған елдегі қару-жараққа қатысты қатаң талаптар да әсер етеді. Қару сатып алуға және иеленуге үміткерлер арнайы тексеруден, соның ішінде психологиялық бағалаудан өтуі тиіс.

Дегенмен соңғы оқиғалар елде заңсыз қару айналымы мәселесінің бар екенін көрсетіп отыр.

Филиппиндегі бұл оқиға Тайландтағы мектепте болған атыстан кейін көп ұзамай тіркелді. Бангкок маңындағы оқу орындарының бірінде қарулы шабуыл болып, жеті адам қаза тауып, 15 адам жарақат алған еді. Бұл Тайландта 2022 жылдан бері адам өлімі ең көп болған жаппай атыстардың бірі ретінде тіркелді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Филиппиннің орталық бөлігіндегі мектепте болған атыстан үш оқушы қаза тауып, кемінде 20 адам жарақат алған болатын.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары