Forbes Kazakhstan Қазақстандағы ең ықпалды 25 әйелдің рейтингін жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Рейтингке мемлекеттік басқару, қаржы, бизнес, медиа, қайырымдылық және мәдениет саласында ықпалы бар әйелдер енген. Тізімнің алғашқы ондығында Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева, «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова, кәсіпкер әрі меценат Әсел Тасмағамбетова, қоғам белсендісі Аружан Саин, "Ана үйі" жобасының негізін қалаушылардың бірі Анар Рахымбаева, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова бар.
Рейтингтің 11-орнына Раушан Қажыбаева жайғасты. Ол 2019 жылдан бері Президент телерадиокешенінің бас директоры қызметін атқарады. Бұған дейін Премьер-министрдің кеңесшісі болған. Сондай-ақ Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі.
12-орында Гауһар Қаппарова тұр. Ол Lancaster Group акционері саналады. Компания портфеліне мұнай сервистік, тау-кен және өзге де активтер кіреді. Сонымен бірге ол бірқатар ритейл жобаларына иелік етеді әрі Нұрлан Қаппаров атындағы қоғамдық қордың құрылтайшыларының бірі.
13-орынға Гүлнар Досаева енді. Ол балаларға қолдау көрсететін "Дара" қорының негізін қалаған. Сонымен қатар Lancaster Holding тобына қатысы бар және люкс ритейл мен онлайн сауда бағытындағы жобаларды дамытып келеді.
14-орында Эльвира Азимова орналасқан. Ол үш жылдан астам уақыт бойы Конституциялық сотты басқарып келеді. Бұған дейін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарған.
15-орын Әлия Молдабековаға бұйырды. Ол алты жылдан астам уақыт бойы Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметінде жүр. Қаржы реттеушісіндегі монетарлық операциялар бағытын қадағалайды.
16-орында Динара Зәкиева тұр. Ол 2023 жылдан бері Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарады. Сондай-ақ "Әділет" партиясы саяси кеңесі бюросының құрамына кіреді.
17-орынға Чинара Бұғымбаева жайғасты. Ол Qaganat қоғамдық тамақтану желісінің негізін қалаушы әрі бас директоры. Бұл салада 30 жыл бойы еңбек етіп келеді.
18-орында Алина Алдамберген бар. Ол бірқатар компаниялардың директорлар кеңесіне мүше және тәуелсіз директор ретінде танылған. Forbes дерегінше, 2026 жылдың мамырында Мускат қор биржасында бизнесті дамыту жөніндегі директор қызметіне тағайындалған.
19-орын Әсел Жанасоваға тиесілі. Ол Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарады. Бұл лауазымға 2025 жылдың желтоқсанында Президент кеңесшісі қызметінен барған.
20-орында Әсел Мұқажанова тұр. Ол Астана халықаралық қаржы орталығы биржасының — AIX басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі. Бұған дейін қаржы және банк секторында 25 жылдан астам еңбек еткен.
21-орынға кәсіпкер, продюсер, актриса және тележүргізуші Баян Алагөзова енді. Forbes оны шоу-бизнес пен продюсерлік саладағы ықпалды тұлғалардың бірі ретінде атаған. Ол Shine Production продюсерлік орталығының негізін қалаған.
22-орында Жәния Әубәкірова бар. Ол 1994 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Aubakirova School жекеменшік музыкалық мектебінің негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі.
23-орынға Жанна Кан жайғасты. Ол Zhanna Kan Group компаниясының негізін қалаушы әрі иесі. Сондай-ақ Алматыда өтетін Be Woman форумын ұйымдастырады.
24-орында Гауһар Абықаева тұр. Ол сәнді брендтерді дистрибуциялау және ритейл саласында жұмыс істейтін Sansi Group зергерлік холдингінің негізін қалаушы және бас директоры.
Ал рейтингтің 25-орнын Раушан Жақсыбай түйіндеді. Ол кәсіпкер, Parassat бизнес-клубының төрағасы. Сонымен қатар Алматыдағы ACMED әлеуметтік емханалар желісіне иелік етеді және Dariger Foundation қорының тең құрылтайшысы саналады.
Осылайша Forbes Kazakhstan тізіміне енген 25 әйелдің қатарында ірі банкирлер, министрлер, қоғам қайраткерлері, меценаттар, медиаменеджерлер мен кәсіпкерлер бар. Рейтинг олардың ел экономикасы, саясат, әлеуметтік бастамалар мен мәдениет саласындағы ықпалын көрсетеді.